Accessibility links

Орал мен Ақтөбеде жүргізушілер көліктерін жеңілдікпен тіркеуді талап етті


Билікке арналған петицияны оқып тұрған жүргізуші. Орал, 31 қаңтар 2020 жыл.

31 қаңтарда түстен кейін Орал мен Ақтөбеде де шетелдік нөмірі бар көлік иелері жиналып, биліктен көліктерін жеңілдікпен тіркеуді талап етті.

Ақтөбеде облыстық әкімдік алдына жүзге тарта жүргізуші жиналып, облыс әкімінің шығуын талап етті.

- Билік 170 мың отбасының мүддесіне зиян келтіріп отырған заңды алып тастап, халық мүддесіна сай шешім қабылдасын, халық үнін естісін, - деді ақтөбелік жүргізуші Мақсат Балғазин наразылық кезінде.

- Бізде сары нөмір шетел азаматтарына беріледі. Бірақ біз Қазақстан азаматтары ретінде сол сары нөмірді алып, бастапқы тіркегені үшін төлеп, өзге де төлемдер жасауымыз керек екен. Бізді бақылау оңай болады. Яғни, былайша айтқанда бізді тықсыруға тырысып жатыр. Сары нөмір бұл көлікті елден шығаруға берілген "билет", - дейді Кирилл Титов.

Бұған дейін билік шетелдік нөмірі бар көлік иелеріне уақытша тіркеуге бір жыл уақыт берілетінін айтып, осы уақыт аралығында кедендік баж салығы, утилизация алымы сияқты төлемдер жасау қажеттігін, оларға сары нөмір берілетінін айтқан.

Наразы азаматтардың алдына шыққан облыс әкімінің орынбасары Рахат Сыдықов "әкімнің аудан басшыларының есебін тыңдауға кеткенін, қазір орнында емес" екенін айтты.

Жүргізушілер әкімдік өкілдеріне талаптарын айтып еді, Рахат Сыдықов "бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе, сондықтан шешімін күтейік" деп көпті сабырға шақырды.

Ақтөбедегі наразылық. 31 қаңтар 2020 жыл.
Ақтөбедегі наразылық. 31 қаңтар 2020 жыл.

Жүргізушілер билік өкілдерінің сөзіне қанағаттанған жоқ. Олар "талаптарымыз қанағаттандырылмаса, елді осындай жағдайға жеткізген шенеуніктермен соттасамыз" десті.

Митингіні полиция өкілдері бақылап тұрды, бірақ өтуіне кедергі жасамады.

Оралда шамамен 150 жүргізуші орталық алаңға жиналды. Кездесу кезінде наразылар петицияға қол қойып, ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктерді тіркеуді жеңілдетуді, ішкі істер министрі мен қаржы министрін отставкаға жіберуді талап етті.

- 2019 жылы шілде айында Армениядан көлік алып келдім. 2012 жылы шыққан. Ол [Еуро-4] стандартына сәйкес келмейді. Билік не көлікті тіркеуге қойыңдар дейді, бірақ ол техникалық регламентке сәйкес емес қой немесе Арменияға қайтарыңдар дейді. Бұл да мүмкін емес - себебі ол жақта көлік өте көп. Бұл автокөліктерді ешкім де алмайды. Тіпті алған күннің өзінде бағасы қалай болатынын түсінетін шығарсыздар, - дейді Рашид Смағұлов.

Жүргізушілер 2020 жылдың 1 ақпанға дейін әкелінген көліктерді тіркеуден өткізіп, оларды пайдалану мерзімін шектемей, тіркеуді талап етті.

Жиналғандарға Орал облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Ербол Көшеков келіп, жүргізушілерді мәселені ғимарат ішінде талқылауға шақырды. Бірақ көлік иелері облыс әкімімен кездесуді талап етті.

Жарты сағат өткеннен кейін көлік иелері әкімнің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен кездесті. Билік өкілдері жүргізушілерге петицияны Орал әкімдігінің кеңсесіне тапсыруды ұсынды.

31 қаңтарда осыған ұқсас митинг Алматы, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Шымкент қалаларында өткен.

Оқи отырыңыз: "Сары нөмір алмаймыз!". Қазақстанның бірнеше қаласында жүргізушілер наразылық танытты

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG