Accessibility links

ДДСҰ әлем елдерін коронавирустың таралуына дайын болуға шақырды


Пекиннен ұшып келген жолаушылар Минск әуежайында. 29 қаңтар 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Пекиннен ұшып келген жолаушылар Минск әуежайында. 29 қаңтар 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 1 ақпанда әлем елдерін коронавирустың жергілікті аумақта таралуына дайын болуға шақырды.

Қытай билігінің дерегінше, коронавирустан 259 адам көз жұмған, 11 791 адам вирусты жұқтырған (2002-2003 жылы Қытайды әуреге салған SARS​-тан асып түскен).

Осыған дейін ДДСҰ коронавирустың жылдам таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған. Ұйым өкілдері Қытайдан тыс аумақта вирустың адамнан адамға жұғу оқиғаларына алаңдаған.

"Мемлекеттер вирусты тезірек анықтап, оның ел ішінде жайылуына жол бермеуге дайын болуы тиіс" деді журналистерге ДДСҰ-ның Пекиндегі өкілі Гауден Галеа.

Мұның алдында ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус төтенше жағдай жарияланса да, әзірге халықаралық іс-сапарлар мен саудаға шектеу қоюға негіз жоқ деп айтқан.

31 қаңтарда АҚШ соңғы екі аптада Қытайда болған шетел азаматтарының елге келуіне тыйым салды және бақылау шараларын күшейтті. Австралия, Жапония, Италия, Моңғолия және Сингапур осыған ұқсас шаралар қолданатынын айтқан.

АҚШ өз азаматтарына Қытайға бармауға кеңес беріп, онда тұрып жатқан Америка азаматтары коммерциялық рейстер арқылы елден шығу мүмкіндігін қарастыруы тиіс деді. Қытай СІМ АҚШ-тың бұл әрекетін сынады.

Соңғы дерек бойынша, кемінде 25 мемлекеттен коронавирус табылған. Науқастардың көбі жақында Қытайдан келген немесе Қытайдан келгендермен байланыста болған адамдар. Қытайдан тыс аумақта адам өлімі тіркелмеді.

Америкалық Apple компаниясы 1 ақпанда Қытайдағы барлық дүкендерін вирусқа байланысты кемінде 9 ақпанға дейін жабатынын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан қаза тапқандар саны 200-ден асты. ДДСҰ төтенше жағдай жариялады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG