Accessibility links

Мектеп директоры "жала жапты" деп айыптаған мұғалімнің соты басталды


Айыпталушы Гүлдана Шотаева сот ғимаратының алында тұр. Түркістан облысы Ордабасы ауданы, 4 ақпан 2020 жыл.

Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты "мектеп директорының жарамсыз сертификат сатқаны" туралы мәлімдеген мұғалімнің ісін қарай бастады. Бұл туралы 4 ақпанда Азаттық тілшісі хабарлады.

Қайнар ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің мұғалімі Гүлдана Шотаеваның үстінен мектеп директоры Ділбар Сапарымбетова түсірген жеке шағым негізінде "Жала жабу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа мектеп мұғалімін қолдайтын бірнеше қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Шотаеваның айтуынша, 2016 жылы "Өзін-өзі тану" пәнінен біліктілікті арттыру курсына баруы тиіс бастауыш сынып мұғалімдерінен мектеп директоры 25 мың теңгеден ақша жинаған. Бірақ курсқа жібермей, оқығаны жөнінде сертификат берген.

- Бұл туралы аудан әкімдігіне, прокуратураға жазбаша арыз бердік. Аудандық білім бөліміне ауызша айттым. Нәтиже болмады. "Жарамсыз сертификатты алмаймын, ақшамды қайтарыңыз" десем, кабинетінен қуып шықты. Түрлі сылтаумен сабағыма кіріп, қатысты. Үш сабақ бойы тапжылмай, үзіліске шықпай отырып тексерген кездері де болды. Оқушыларым алдында аузына келген сөзді айтып, қорлады. Мұның бәрі менің денсаулығыма кері әсер етті. Енді міне, сотқа берді, - дейді ол.

Жәбірленуші Ділбар Сапарымбетова мен оның адвокаты Азаттыққа бұл іс бойынша комментарий бере алмайтынын айтты..

Осыған ұқсас істі қазір Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты да қарап жатыр. Осы аудандағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директоры Халида Қабылова "ақша жинайды деген жала жапты" деп, бұрынғы математика пәнінің мұғалімі Бақытжан Бейсенбаевты сотқа берген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG