Accessibility links

Шымкенттік белсенді төртінші рет наразылыққа шығып, бес тәулікке қамалды


Сәбит Сыздықбек билікке қарсы бір адамдық пикетке шыққан сәт. Шымкент, 4 ақпан 2020 жыл.
Сәбит Сыздықбек билікке қарсы бір адамдық пикетке шыққан сәт. Шымкент, 4 ақпан 2020 жыл.

4 ақпанда Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында белсенді Сәбит Сыздықбек билікке талап айтып, соңғы он күнде төртінші рет наразылыққа шықты. Ол президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесін басқарып, биліктің бір тармағын ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың кетуін; биліктен бейбіт митингіге шыққандарға қысым жасамауды талап етті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Сыздықбек "Назарбаевсыз Қазақстан! Ол кетсін!", "Не істейміз? Пикетке, митингіге, шеруге шығамыз. Құқығым бар!", "Қазақстан шын тәуелсіздік алған жоқ!" деген жазуы бар қағазды үстіне киіп тұрды. Кейін белсенді саябақтан шығып қала орталығына барғанда полиция оны ұстап, Шымкент қалалық әкімшілік сотына алып кетті. 4 ақпан түстен кейін Сыздықбектің үстінен әкімшілік сот өтіп, судья Абдуғаппар Бекназаров белсендіні "бейбіт жиын өткізу заңын бұзды" деген айыппен бес тәулікке қамады. Ол сот залынан қамауға алынды. Судьяның айтуынша, Сәбит Сыздықбек 26 қаңтардағы билікке талап айтқан бір адамдық пикеті үшін жазаланды. Белсенді тағылған айыпты мойындамайды және "пикетке шыққанда конституциялық құқығымды пайдаландым" дейді.

Сәбит Сыздықбек 26 қаңтардан бері Шымкенттегі қоғамдық орындарда билікке түрлі талап айтып жүр. Ол Нұр-Сұлтаннан билікті ауыстыруды, елдегі қымбатшылықты тоқтатуды талап етеді.

3 ақпанда Сәбит Сыздықбектің інісі Нұрлан Сыздықбек те Шымкентте бір адамдық пикетке шығып, Назарбаев басқарып отырған Қауіпсіздік кеңесін таратуды талап қылған.

Қазақстанда заң бойынша, жұрт қандай да бір наразылық шарасына өткізгісі келетіндер жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Рұқсатсыз жиындар "заңсыз" деп танылып, оған қатысқандар әкімшілік жауапқа тартылады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанның "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңы халықаралық стандартқа сәйкес емес деп жиі сынайды. Құқық қорғаушылардың пікірінше, митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат сұрап, тек арнайы белгіленген орындарда ғана шеру өткізуге мүмкіндік беретін қазіргі заң азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектейді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін "бейбіт митинг өткізу" заңының өзгертетінін бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ заң жобасы әлі парламентке түспеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG