Accessibility links

"Маңғыстаумұнайгаз" мұнайшылары ұжымдық шартты өзгертуді талап етіп отыр


"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау қаласы, 2018 жыл. Көрнекі сурет.

«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясындағы ұжымдық шартқа байланысты туындаған мұнайшылар наразылығынан соң жұмысшылар мен жұмыс беруші компания өкілдерінен құралған екіжақты комиссия жұмысын бастады.

Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған белсенді Мұхтар Үмбетовтің айтуынша, мұнайшылардың комиссия жұмысына көңілі толмайды. Олар жұмыс берушімен келісімді кеңседе емес - өндірістің басында жүргізуді талап етіп отыр.

Мұхтар Үмбетовтің сөзіне қарағанда, компаниядағы дауға ұжымдық келісім-шартқа қол қою мерзімінің ұзап кеткені себеп болған. Желтоқсанның 3-інде мұнайшылар ұжымдық шарттарды өзара талқылап, өзгерістерді ұсынғанымен компаниядағы қытайлық басшылар қол қоюға асықпаған.

- Компания басшылары былтырғы жылдың соңында қол қоюы тиіс болған келісім-шарт жаңа жылдың бір айы өтіп кетсе де әлі жұмысшылар қолына тимей отыр. Олар Маңғыстау облыстық еңбек департаменті, әкімдік пен «Нұр Отан» партиясы филиалына өтініш түсіріп, компания басшысын әкімшілік шараға тартуды сұрады. Оған жауап жоқ. Осы мәселенің бәріне жауапты өндірістегі мұнайшылар өз құлақтарымен естігісі келеді, - дейді Мұхтар Үмбетов.

Белсендінің сөзінше, мұнайшылар ұжымдық шартта әсіресе медициналық көмек пен жалақы мәселесін өткір қозғап, көрсеткен. Мұнайшылардың тәжірибелі кәсіподақ жетекшісі ретінде өзінен көмек сұрағанын айтқан Үмбетов дегенмен компанияға кіруге, жұмыс берушімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік берілмегенін айтты.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қоғаммен байланыс басқармасының директоры Майра Гумарова «жұмыс беруші мен жұмысшылар өзара келісімге келгенін» айтады. Оның айтуынша, ұжымдық келісімге жұмысшылар кейбір өзгерістер енгізуді ұсынып, уақыт сұраған.

- Қол қойылады. 15 ақпанға дейін өзара келісімдері бар, жұмысшылар өздері көп мәселе енгізейік деп ұсыныс жасап, сұраған. Ұжымдық шарт аясында компания өз міндеттемесін орындап отыр. 2019 жылы тек ұжымдық шарт бойынша компания 7 миллиардқа жуық ақшаны жеңілдіктерге төледі,- дейді Майра Гумарова.

Соңғы бірнеше жылда Маңғыстау облысындағы мұнай-газ секторында «Қазмұнайгаз» қабылдаған 5/50 «жұмсақ оңтайландыру» бағдарламасы мұнайшылар арасында бірсыпыра наразылық тудырған еді. «Трансформациялау, оптимизациялау» аясында көптеген сервистік компаниялар «өз саласына маманданбағандықтан» бөлек шығарылып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының нашарлауына себепші болған.

Биыл 9-10 қаңтарда Жетібай, Қаламқас кенішінде мұнайшылар жұмысты тоқтатқан соң ғана жылдық бонусқа қол жеткізген.

Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ компанияларының бірі саналатын "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы Маңғыстау облысында Қаламқас, Жетібай және тағы басқа кеніштерді игеріп жатыр.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC компаниясы бірлесіп иелік ететін кәсіпорында алты мыңдай адам жұмыс істейді. Компанияға жыл сайын кезекпен Қазақстан және Қытай тарабы өкілдері басшылық етеді. 2020 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының бас директоры қызметін - Лю Цзиньчень атқарады.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Днепрде вирустан қайтыс болуы мүмкін адамдарға қабір қазып қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG