Accessibility links

Саяси тұтқындарға бостандық сұраған белсенді жалғыз адам пикеті "эстафетасына" шықты


Белсенді Дариға Рақым. Алматы, 6 ақпан 2020 жыл.
Белсенді Дариға Рақым. Алматы, 6 ақпан 2020 жыл.

Бейсенбі, 6 ақпанда Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументінің алдына азаматтық белсенді Дариға Рақым жалғыз адам пикетіне шықты. Ол "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев пен 2016 жылы жер митингілерінен кейін бес жылға сотталған Макс Боқаевты бостандыққа шығаруды талап етті.

- Мұхтар Жәкішев тәуелсіз Қазақстан экономикасын дамытуға зор үлес қосқан мемлекет қайраткері. Мұндай талантты, жоғары интеллектуалды адамды түсініксіз себептермен 14 жылға соттау – қылмыс. Жерімізді қорғаған Макс Боқаев сияқты белсенділер түрмеде отырмауы керек,- дейді ол.

Дариға Рақым осыған дейін бірнеше рет пикетке шыққан Асхат Жексебаев пен азаматтық белсенді Айдос Базархановтан жалғыз адам пикеті "эстафетасын" қабылдағанын айтады.

- Бұған дейін пікірлесім Асхат Жексебаев күн сайын шығып жүрді. Оны сол үшін 10-15 тәуліктен бірнеше рет қамады. 18 қаңтарда Айдос Базархановтың Facebook парақшасынан пикетті жалғастыру туралы үндеуін көріп, мен де шықтым. Бүгін түскі сағат 12 мен 17 аралығында тұрамын. Эстафетаны қашан тоқтататыным белгісіз,- дейді ол.

Саяси тұтқындарды босатуды талап етіп және Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсылық білдіріп, бірнеше рет жалғыз адам пикетіне шыққан Асхат Жексебаев пен Айдос Базарханов әкімшілік жауапқа тартылған болатын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG