Accessibility links

Маңғыстау облыстық соты белсенді Көбейсінов пен әйелінің үкімін өзгертпеді


Маңғыстаулық белсенді әрі блогер Жамбыл Көбейсінов (оң жақта) пен әйелі Ділбар Бегжанова. Видеодан скриншот.

6 ақпанда Маңғыстау облыстық соты полиция бастығының "жала жапты" деген арызымен сотталған ерлі-зайыпты Жамбыл Көбейсінов пен Ділбар Бегжанованың апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты 2019 жылы 13 желтоқсанда Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" бабы бойынша ақтаулық белсенді Жамбыл Көбейсіновті алты айға түрмеге қамап, оның әйелі Ділбар Бегжанованың бас бостандығын алты айға шектеген. Сотқа олардың үстінен Маңғыстау ауданы полиция бөлімшесінің бастығы Рашид Қуандықов шағым түсірген.

6 ақпанда Облыстық соттың судьясы Азат Ізбасаров алғашқы инстанцияның шешімі өзгеріссіз қалғанын жария етті. Судья бірінші сатыдағы сот шешімі дұрыс шығарылғанын айтты. Көбейсінов пен Бегжанованы қолдап келген белсенділер судья шешіміне наразылық білдіріп, залда "масқара" деп айқайлады. Кейін олар Маңғыстау облыстық сотының алдында да сот шешіміне наразылық білдірді. Сотқа келгендер "саяси тұтқындарды", Көбейсінов пен Бегжанованы ақтауды талап етті. Сотқа барған ақтаулық белсенді Айгүл Ақбердінің айтуынша, айналаны полиция жасақтары бақылап тұрған.

Көбейсіновтің сотына қолдау көрсетуге келгендердің сөзінше, сот залына адам сыймағандықтан, тек он шақтысы ішке кіре алған, қалғандары сыртта күткен. Сот отырысында фото, видео түсіруге тыйым салынған.

Жамбыл Көбейсінов пен Ділбар Бегжанованың адвокаты Жанар Сүндетқалиева 5-6 ақпанда өткен апелляциялық сотта судья Азат Ізбасаров алты өтініштің бірде-бірі қанағаттандырмағанын айтты.

- Судьяға сенімсіздік білдірдім. Басқа сот талап еттім. Бірақ ол да қанағаттандырылмады. Алдыңғы сот отырысында заңсыздықтар өте көп. Оның барлығына қатысты дәлелдеріміз ескерусіз қалды, - деді ол Азаттыққа.

Адвокаттың сөзінше, Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Рашид Қуандықов бұған дейін өзіне "жала жабылғаны" және "ар-намысына нұсқан келгені" туралы екі мәрте жеке арыз түсіргенімен, олар бойынша сотқа келмеген. Бұл екі арызды 2019 жылы 11 шілде мен 18 қыркүйекте Мұнайлы аудандық сотының судьясы С.Наурызбаев қарап, қылмыстық процестік кодекстің 411-бабына сәйкес, жеке шағымданушының сот отырысына негізсіз келмеуіне байланысты істі тоқтатқан. Жанар Сүндетқалиева Жоғарғы соттың 2006 жылы 25 желтоқсанда қабылдаған жеке шағым жайлы нормативтік қаулысына сәйкес, мұндай жағдайда іс мүлде қысқаруы тиіс болған деп санайды.

Оқи отырыңыз: "Полиция басшысына жала жапты". Әйелімен бірге сотталған белсенді

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында тұратын 35 жастағы Жамбыл Көбейсінов әлеуметтік желіні белсенді қолданатын блогер ретінде танылған. Ол YouTube желісінде жеке каналын ашып, Қазақстандағы көп балалы отбасылардың ауыр тұрмысы, қазақ тілінің жағдайы, сайлау туралы, Жаңаөзен тақырыбы тәрізді қоғамдағы өзін толғандырған көкейкесті мәселелер жайлы ой-пікірін айтып, видеолар жариялап отырған.

Жамбыл Көбейсінов пен Ділбар Бегжанованың алты баласы бар. Белсенділер желіде көп балалы отбасының тұрмыстағы қиындықтары жайлы жиі жазып, көмек сұрайды.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG