Accessibility links

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызметінен кетті


Бағдат Мәнізоров. Алматы, 19 маусым 2019 жыл.
Бағдат Мәнізоров. Алматы, 19 маусым 2019 жыл.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызметінен кеткені туралы 10 ақпанда Азаттыққа облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл туралы шешімді дүйсенбіде облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов хабарлаған.

- Облыс әкімі бүгінгі жиында Мәнізоров мырзаның жұмыс істеген жеті айдағы жұмысын қорытындылап, оның өз еркімен жұмыстан кетіп жатқанын хабарлады. Бағдат Сайланбайұлы негізгі кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және туризм сияқты үш бағытта жұмыс істеді. Оның осы салаларда біршама жұмыс атқарғанын айтып, қызметіне оң бағасын берген облыс әкімі алдағы уақытта да сәттілік тіледі, - деді әкімдік баспасөз қызметі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Бағдат Мәнізоровтың қызметінен "өз еркімен кеткенін, оны ештеңемен байланыстырудың қажеті жоқ" екенін айтады.

Өткен жылы қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтің "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген. 28 қазанда Мәнізоровқа тағылған айыптың алынғаны белгілі болды.

Бас прокуратура "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" Мәнізоровтың ісі тоқтатылғанын хабарлады. Кейінірек жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бас прокуратура шешімімен келіспейтінін айтып, шағым түсірген. Бірақ бас прокуратура шағымды қанағаттандырмады. Өткен аптада жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген шенеунік өзіне "жала жапқаны" туралы мәлімдеген.

Ал жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында ешқандай "тапсырыс болмағанын" айтқан.

Бұған дейін жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің "күмәнді әрекеті" жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтің "жемқорлыққа еш қатысы жоғын" мәлімдеген.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2019 жылы 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды. Жергілікті БАҚ-тың болжауынша, оған тағылған айып сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарған кездегі қызметімен байланысты болуы мүмкін.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG