Accessibility links

Атырау соты "ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған тұрғынның жазасын қысқартты


Елде қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысын қолдағаны үшін айыпты деп танылған Құлсары қаласы тұрғыны Азамат Нұралиев.
Елде қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысын қолдағаны үшін айыпты деп танылған Құлсары қаласы тұрғыны Азамат Нұралиев.

11 ақпанда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (ҚДТ) қолдағаны үшін айыпты деп танылған Құлсары қаласы тұрғыны Азамат Нұралиевке шыққан үкімді өзгертіп, екі жарым жыл шартты жазасын екі жылға қысқартты. Сот үкімін өзгертуді Жылыой ауданы прокуроры Медетбеков ұсынған. Ол "Жылыой аудандағы сот үкімді дұрыс шығармаған" деп санайды.

Прокурор соттан Нұрәлиевті жыл сайын жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тартуды және пробациялық бақылауға келіп тұруды міндеттеуді де өтінді етті. Судья бұл талапты да қанағаттандырды.

Сотқа жергілікті белсенділер қатысып, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық қазақстандық бюроның Атыраудағы филиалының директоры Әсел Нұрғазиева бақылау жасады.

Алғашқы сот отырысы 2019 жылғы 23 желтоқсанда Жылой ауданында болған. Сот Азамат Нұрәлиевті Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1- тармағына ("Экстремистік ұйым жұмысына қатысу") сай, екі жыл алты айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, 20 айлық есептік көрсеткішке тең (50500 теңге ) айыппұл салған.

Айыптау актісінде Азамат Нұрәлиевтің 2019 жылы 15 қыркүйекте Атырау облысының Жылыой ауданындағы Теңіз вахташылар қалашығында "Оян, қазақ. Қытай экспансиясына жол жоқ, ұрпақ үшін бірігейік" деген сөздер жазылған қағаздар жапсырғаны айтылған.

Азамат Нұрәлиевтің өзі Азаттыққа қағаз жапсыру арқылы "Қазақстанның демократиялық таңдауына" қатысты жеке көзқарасын білдіргенін айтады.

Әсел Нұрғазиева "Нұрәлиев қағаздарды жалғыз таратқан жоқ, бірақ ол қылмысты мойнына алып, нағыз азаматтық әрекет жасады" деп санайды.

- Прокурор әдетте жазаны жеңілдету туралы наразылықты өте сирек жасайды. Олар да Нұрәлиевтің кінәсі жоқтығын көріп отыр. Ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ, бар болғаны өз позициясын қорғады, - дейді Әсел Нұрғазиева.

29 жастағы Азамат Нұрәлиев жеке кәсіппен айналысады.

Бұған дейін Атырау қалалық соты қала тұрғыны Дианара Мұқатованы да "ҚДТ-ны қолдағаны үшін айыпты" деп танып, былтыр қазанда бір жарым жылға бас бостандығынан айырған.

2017 жылы сәуірде Қазақстан билігі қуғындап жүрген банкир, шетелде тұрып жатқан оппозиционер Мұхтар Әблязов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қайта құрылғанын жариялаған еді.

2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салған. Бірақ Әблязовтың өзі ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді. Былтыр наурызда Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер "жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды" деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG