11 ақпанда Қазақстанның бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қордайдағы жанжалдан төрт күн өткен соң қайғылы оқиға туралы пікір білдірді.
– Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатып отыр. 30 жылдың ішінде халқымызбен бірге бірталай қиындықтарды бастан өткердік. Қазіргі жастар сол ауыртпалықтарды елестете де алмайды. Қазақстанда 130 кәсіпорын жабылып, 2,5 миллион адам жұмыссыз қалды. Үйлерде жылу жоқ, азық-түлік тапшылығы туындады. Біз осы сынақтардың бәрінен бірге өттік, - деді ол Нұр-Сұлтанда өткен Қауіпсіздік кеңесінің жиынында.
Былтыр президенттіктен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отырған Назарбаев Нұр-Сұлтандағы жиынында "көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді" деп айтты.
Ол "Қазақстан халқы ассамблеясы елдегі мұндай жағдайларды алдын алып, бақылауда ұстауы керек" деп санайды.
7 ақпан кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тапты. 40-тан астам адам жараланған. Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 15 ғимарат пен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенді. Жанжалдан соң мыңдаған адам Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.
Кейбір сарапшылар Қордайдағы жанжал елдегі әлеуметтік жағдайдың, ауыл халқының тұрмысының төмендігін, Қазақстан билігінде мұндай қиын жағдайларды тез шешетін механизм қалыптаспағанын көрсетті деп санайды.
Қақтығыстың нақты себебі де ашық айтылмады. Ал жергілікті тұрғындардың сөзінше, бірнеше адам жолға таласып, көрші ауылдарда тұратын қазақтар мен дүнгендер жаға жыртысып қалған. Бұл төбелестен соң қазақтар жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.
Халықаралық басылымдар этникалық қақтығыс деп сипаттаған жанжалдан кейін үкіметтік комиссия құрылып, Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бірақ қанша адам ұсталғанын ашып айтпай отыр. Тек жанжал кезінде 19 полицейдің зардап шеккенін хабарлады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алғашында бұл дауды "бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес" деп сипаттап, кейін "ұлтаралық жанжал тудырғандар" деп "арандатушыларды" айыптады.
ПІКІРЛЕР