Accessibility links

2016 жылғы Ақтөбедегі шабуылдан соң сотталған тұрғынның түрмеде қаза болғаны хабарланды


"Ақтөбедегі қарулы шабуыл" туралы видеодан скриншот. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде 2016 жылы маусымда болған қарулы шабуылға қатысты деген айыппен өмір бойына бостандығынан айырылған ақтөбелік Асхат Иманғалиев Арқалықтағы УК-161/12 түрмесінде көз жұмған. "Тұтқын өзіне қол салған" деген ақпаратты Азаттыққа Қылмыстық атқару жүйесі комитеті растады.

- Қазір аталған дерек бойынша құзырлы органдар сотқа дейінгі тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Тергеу құпиялығына байланысты басқа деректер жария етілмейді, - деді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Теңізжан Жәнібеков.

Аты-жөнін атамауды өтінген қала тұрғыны Асхат Иманғалиевтің мәйіті 11 ақпанда Алматыға жеткізіліп, қала сыртындағы зираттардың біріне жерленгенін айтты.

33 жасында қаза болған Асхат Иманғалиев Ақтөбе облысы Қобда ауданында туған. Сотталғанға дейін Ақтөбедегі сауда орталықтарының бірінде ұялы телефон сатқан. Тергеу материалдарында Асхат Иманғалиев 2016 жылы "Паллада" қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасағандар арасында болғаны айтылған еді.

2019 жылы қарашада Арқалық түрмесінде Ақтөбеде 2016 жылы маусымда жасалған қарулы шабуылға қатысып, 22 жылға сотталған Айдос Жұбанов қайтыс болған еді. Билік "тұтқын туберкулез дерті асқынып қайтыс болды" деп хабарлады.

2016 жылы маусымда Ақтөбеде бір топ адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша, 7 кісі қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция барысында шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысқан 29 адамның жетеуі 2016 жылы 28 қарашадағы сот үкімімен өмір бойына түрмеге қамалған болатын. Олар "террорлық шабуылға қатысу", "адам өлтіру", "қаруды заңсыз иемдену", "шабуыл жасау", "адам ұрлау" қылмыстарына айыпты деп танылды. Өзге айыпталушылар екі жылдан 22 жылға дейінгі мерзімге түрмеге кесілді. "Қылмысты жасырып қалған" бір адам төрт жылға бостандығын шектеу жазасын алды.

Оқи отырыңыз: Жазасын естіген айыпталушылар жылап жіберді

2017 жылы Ақтөбе облысы аймақаралық мамандандырылған соты "дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламаған" және "қылмысты жасырып қалған" деген айыппен сотталған 19 адамның апелляция шағымын қарап, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты жарияланған амнистия бойынша олардың жазасының өтелмеген төрттен бір бөлігін қысқартқан. Сотталған тоғыз адам амнистияға ілінбеді.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандарды "радикалды діни топ өкілдері" деп атап, олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.


  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG