Accessibility links

Алматыда "видеокамераларға қарсы" наразылыққа шыққан 2 белсенді қамалды


Белсенді Асхат Жексебаев Алматы қаласы әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 14 ақпан 2020 жыл.
Белсенді Асхат Жексебаев Алматы қаласы әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 14 ақпан 2020 жыл.

14 ақпанда Алматыда белсенді Асхат Жексебаев пен Марат Айтпаев «бейбіт митинг заңын бұзды» деген айыппен 15 күнге қамалғаны хабарланды. Бұл туралы Азаттыққа сотқа қатысқан Алматы тұрғыны Абай Сұлтанов айтты.

Сұлтанов белсенділерге 11 қаңтарда Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында «жаппай видеокамераларды орнатуға қарсы» шараға қатысты деген айып тағылған. Сот бұл наразылық шарасын заңсыз деп есептейді.

Соттан белсенділердің қамалуына байланысты пікір алу мүмкін болмады, телефоны жауап бермеді.

Кеше, 13 ақпанда Алматы әкімшілік соты 11 қаңтардағы шараға қатысқан Дархан Уәлиевті де 15 тәулікке қамаған.

11 ақпанда Алматыдағы Республика алаңында бір топ белсенді көшелердегі видео бақылау жүйелеріне қарсы шығып, камераларды орнату адамның құқығына қол сұғу деген.

Белсенділер келесі аптада жоспарланған билікке қарсы наразылық шарасы қарсаңында ұсталып жатыр. Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жұртты 22 ақпанға митингіге шақырған.

Полиция Асхат Жексебаевты бүгін, 14 ақпан Алматы қаласы әкімдігі алдында ұстаған. Белсенді онда биліктен бейбіт митингіге шыққандарды қудаламауды талап етіп, бір адамдық пикет өткізіп тұрған.

  • Соңғы жылдары Қазақстанда Әкімшілік кодекстің 488-бабымен («Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу») жүздеген адам жазаланған.
  • Қазақстанның қазіргі заңына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Әкімдіктер көбіне түрлі себеп айтып, митинг өткізуге рұқсат бермейді.
  • 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам «тыйым салынған ұйым қызметіне араласты» деген айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG