Accessibility links

Парламент сайлауындағы заңсыздыққа қарсы шыққан Баку тұрғындарын полиция әкетті


Бакудегі наразылық акциясына шыққан адамды ұстау сәті. 16 ақпан 2020 жыл

Бакуде мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауындағы заңсыздықтарға қарсы митингі өткізбек болған жүзге жуық адамды полиция алып кеткен. Әзербайжанның Орталық сайлау комиссиясының ғимаратының алдында, сағат 15:00 де митингі өткізбек болғандарды полиция оған жеткізбей ұстаған. Наразалық акциясына жинала бастағандар "Еркін сайлау!" және "Жастарды қамамаңдар!" деп ұрандатқан.

Полиция наразыларға күш қолданған деген хабар тарады. Ұсталғандар арасында оппозициялық саяси ұйымдар атынан депутаттыққа түскен кандидаттар бар. Олар "сайлаудағы заңсыздық жайлы сұрақтарына бір апта өтсе де жауап ала алмағанын" айтқан.

Ұсталғандардың сөзінше, оларды полиция учаскесіне емес, қала сыртына апарып тастаған. Баку полициясы бұл ақпаратты растап, ешкімді қамауға алмағанын хабарлады.

9 ақпанда Әзербайжанда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өткен еді. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев басқаратын "Ени Әзербайжан" билік партиясы жеңіске жеткенін, парламентте көпшілік орын алғанын мәлімдеген.

Әзербайжан оппозициясы "билік сайлау заңын бұзды, сайлау қорытындысы халықтың ой-пікірімен сай келмейді" деп санайды. Тәуелсіз қоғамдық ұйымдардың мәліметіне қарағанда, көптеген қалаларда бақылаушылар жұмысына кедергі жасалған: оларды сайлау учаскесінен қуып, фотосуретке, видеоға түсіруге тыйым салған, кейбіріне күш қолданған.

Әзербайжандағы парламент сайлауын бақылаған Еуопадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының өкілі Артур Герасимов сайлаудың әділ өткеніне күмәнданды. "Оппозиция кандидаттары сайлауға қатыстырылғанымен, олардың жеңіске жетуіне жол қалдырған жоқ,- деп мәлімдеді ол.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Ақша да, тамақ та жоқ. COVID-19 постсовет елдерінің жұртын уайымға салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00
XS
SM
MD
LG