Accessibility links

Министр: 8 және одан көп балаға жәрдемақы төлеу тәртібі енгізіледі


Біржан Нұрымбетов - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Біржан Нұрымбетов - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Қазақстанда көп балалы отбасындағы сегізінші және одан кейінгі балаларға жәрдемақыны саралап төлеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы 17 ақпанда Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Біржан Нұрымбетов министрліктегі алқа мәжілісінде хабарлады.

Ол биылғы қаңтардан бастап төрт айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (10604 теңге) жәрдемақы айлық отбасының табысына қарамастан төрт баласы барларға – 42 500 теңге, ал жеті және одан көп баласы бар жанұяларға – 74 400 теңгеден беріле бастағанын айтты.

- Мысалы, кәмелетке толмаған 12 баласы бар көп балалы ана "Неге маған жеті баласы барлармен қатар 74 мың теңге ғана береді?" деген сауал қояды. Сондықтан әділетті болу үшін, енді жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға жәрдемақыны сараланған түрде, яғни сегіз балаға – 85 мың теңге, он балаға - 106 мың теңге, ал 15 баласы барларға - 159 мың теңге төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді министр.

Министр заңға бұл өзгеріс қай кезде енсе де, ақша айырмасы 1 қаңтар 2020 жылдан бастап төленетінін айтты.

Қазақстанда бала саны төртке жетпейтін 2 млн 904 отбасы (4 миллион 600 бала) бар. Олардың 190 мыңы аз қамтылған отбасына жатады.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Шымкентте көп балалы әйелдер жаңа жылдан бастап күшіне енген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеудің жаңа жүйесіне наразылық білдірген еді. Олар өткен жылдың сәуір айынан бастап әр балаға төленген 21 мың теңгелік жәрдемақы төлеу тәртібін қайтаруды талап еткен.

2019 жылы ақпанда Қазақстан астанасында уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының кәмелетке толмаған бес қызы қаза тапқаннан кейін бірнеше қалада жаппай наразылық білдірген көп балалы аналар талабынан соң елде жағдайы төмен көп балалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек көлемі ұлғайтылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG