Accessibility links

"Съезд делегаттарына қысым жасалды" деген Жаңаөзен белсенділері әкімдікке барды


2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде тамағынан оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев (ортада) Жаңаөзен қаласы әкімінің аппарат басшысы (оң жақта) Бекжан Әуезовпен әкімдік дәлізінде сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде тамағынан оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев (ортада) Жаңаөзен қаласы әкімінің аппарат басшысы (оң жақта) Бекжан Әуезовпен әкімдік дәлізінде сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.

Алматыда өтетін "Демократиялық партия" съезіне делегат болып бармақ болғандарға билік қысым жасап отыр" деп санайтын Жаңаөзеннің 20-ға жуық белсендісі қала әкімдігіне барып, әкімнің жауап беруін талап етті. Бұл туралы Жаңаөзен қаласының тұрғыны Нұрлыбек Нұрғалиев хабарлады.

- Партия съезіне барамыз деген төрт адамды: кеше көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткен Мұратбай Жұмағалиевтің інісі Нұрғазы Жұмағалиевті, Нұрымбет Алланазаровты және Ерғазы, Келбет есімді азаматтарды таңертең Ақтау қаласындағы полиция департаментіне әкетті. Бұл - белсенділерге көрсетілген қысым. Әкімге соны айтуға келдік, әкім орнында жоқ, тағы да келеміз, - деді қала тұрғыны Нұрлыбек Нұрғалиев.

Дүйсенбіге қараған түні көлігі өртеніп кеткен Мұратбай Жұмағалиевтің Азаттыққа хабарлауынша, Алматыдағы съезге бастапқыда 30-ға жуық адам шықпақшы болған.

- Кейбірін "съезге бармасаң жұмысқа орналастырамыз" деп алдарқатуға тырысты, кейбірін "жұмыстан шығарамыз" деп қорқытты. 26 адам Алматыға баратын пойызға билет алдық. Бүгін кешке жолға шығуымыз керек еді. Мына жағдайдан соң қанша адамның шыға алатыны белгісіз, - деді Мұратбай Жұмағалиев.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті Азаттық тілшісіне Жаңаөзеннен ешкімді әкелмегенін айтты.

Бүгін таңертең Атыраудан Алматыға "Демократиялық партия" съезіне шыққан делегаттарды полиция ұстағаны жайлы жергілікті белсенді Талғат Аян да хабарлап, партия съезіне жете алмауымыз мүмкін деген еді.

Кеше, Жаңаөзен қаласының тұрғыны Мұратбай Жұмағалиев есігінің алдында тұрған көлігін түн ортасында белгісіз біреулер өртеп кеткенін айтып, оны "Алматыда өтетін "Демократиялық партия" съезіне баратын делегаттарға кедергі келтіру" деп мәлімдеген.

Осы оқиғадан кейін Жанболат Мамай "демократиялық партия белсенділеріне жасалып жатқан арандатулар туралы" шұғыл баспасөз жиынын өткізген.

Биыл қаңтардың 20-сына Алматы қаласының прокуратурасына Жанболат Мамай бастаған оннан астам белсенділер барып, "Қазақстанның демократиялық партиясының" бастамашыл тобына билік қысым жасап отырғанын мәлімдеген болатын.

"Демократиялық партия" партия ұйымдастырушысы Жанболат Мамай 22 ақпанда партияның құрылтай съезі өтетінін жариялаған еді. Қазақстан заңы бойынша, партия құру үшін мың адам қатысатын съезд өткізу қажет.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG