Accessibility links

Зайсанда жұрт "коронавирус жұқтырғандарды" карантинге жатқызуға қарсы шықты


Сарытеректегі наразылық. 19 ақпан 2020 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Сарытеректегі наразылық. 19 ақпан 2020 жыл. Оқырман жіберген сурет.

Шығыс Қазақстан облысындағы Қытаймен шекара маңында орналасқан Зайсан ауданы Сарытерек ауылының тұрғындары 19 ақпан кешкісін наразылыққа шығып, шетелден келгендерді жергілікті ауруханаларға коронавирусқа байланысты карантинге жатқызуға қарсылық білдірді. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, 19 ақпандағы наразылыққа көршілес Айнабұлақ ауылының тұрғындары да қатысқан.

Наразылыққа мессенжерлерде тараған «Зайсан ауданындағы ауруханалар коронавирусқа байланысты карантинге дайындалып жатыр, Қытайдан келгендерді емдемек» деген хабарламалар себеп болған.

Наразылықтан соң Зайсан ауданының орталығы Зайсан қаласына Шығыс Қазақстан облысы әкімі келіп, наразылармен кездескен. Әкіммен жиында ауыл тұрғындары коронавирус таралып кете ме деп қауіптенетін айтқан.

Наразы жұрттың сөзінше, Қытайға қатынайтын көліктерге шектеу қойылғанымен, шекара жақтан көліктер келіп жатыр. Ахметов келесі аптаның басына дейін бұл мәселені нақтылайтынын мәлімдеді. Ауыл тұрғындары адамдарды карантинге тек астанадағы ауруханаларға жіберуді талап етті. Ахметов келгендер облыс орталығы Өскемендегі клиникаларға жіберілетінін айтты.

Сарытерек ауылының Айболат Қасенов есімді тұрғынының айтуынша, 19 ақпанда наразы халық карантин үшін әзірленген амбулаториядағы кереуеттерді сыртқа шығарып тастап, жолаушыларды әкелмеуді талап еткен. Оқиға орнына түнделетіп жеткен аудан басшылары, прокуратура өкілдері халыққа жолаушыларды әкелмейтінін айтқан. Тек осыдан кейін халық тараған.

- Жұрт бұл жаққа коронавирусты жұқтырған адамдарды әкеле ме деп дүрлігіп кетті. Ешқандай ақпарат бермеген ғой. Ешкімге хабарламай, кереуеттерді қойып, Қытайдан адамдарды карантинге жатқызамыз деп айтып, дұрыс түсіндірмеген. Бұл Қазақстан азаматтары, біз оларды жәй ғана карантинге жатқызамыз, олар вирус жұқтырмаған адамдар десе бұлай дүрлікпес еді, - дейді Айболат Қасенов Азаттық тілшісіне.

Тұрғындардың айтуынша, шекара бекетінен өткен жолаушылардың Зайсандағы оқу орындарының біріне әкелінетіні туралы хабар тарағаннан кейін Зайсан тұрғындары да наразылық білдірген.

Жергілікті билік месенжерде тараған «Қытай тұрғындарын Зайсанға әкеліп емдемек» деген хабарламаларды өсек деп атады. Әкімдік «Зайсан ауданындағы ауруханалар коронавирусты алдын алу үшін карантин шараларына дайындалғанын» айтты.

19 ақпанда денсаулық сақтау министрлігі қызмет сапасын және тауарлардың қауіпсіздігі бақылау комитеті басшысының орынбасары Нұрхан Садуақасов ел бойынша ауруханаларда 4400 орын дайындалғанын хабарлаған.

19 ақпанда денсаулық сақтау министрлігі коронавирус анықталған елден қайтқан қазақстандықтардың 14 күндік карантиннен өтуі тиіс екенін, ереже бұзғандар жауапқа тартылады деп мәлімдеген.

Ал Қытай билігі 20 ақпанда коронавирус жұқтырғандар саны 74 мыңнан, ал қаза болғандар саны екі мыңнан асты. Қазақстан билігінің хабарлауынша, елде вирус жұқтырғандар жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG