Accessibility links

Қытайдан Украина азаматтарын эвакуациялау наразылық туғызды


Наразы тұрғындар мен арнайы жасақ өкілдері. Украина, Полтава облысы 20 ақпан 2020 жыл.
Наразы тұрғындар мен арнайы жасақ өкілдері. Украина, Полтава облысы 20 ақпан 2020 жыл.

20 ақпанда кешке Украинаның Полтава облысында коронавирусқа байланысты Қытайдың Ухань қаласынан эвакуацияланған азаматтар Новые Санжары қаласындағы шипажайға автобуспен жеткізілді. Полиция жолды жаппақ болған тұрғындарды ұстап, кедергілерді алып, жолды ашты.

Күндіз мұнда жергілікті тұрғындар Уханьнан эвакуацияланған азаматтарды осында орналастыруға қарсы болып, наразылық танытқан. Тұрғындар наразылықты басуға тырысқан полициямен қақтығысып қалды. Бірнеше адам ұсталды.

Новые Санжарыдағы наразылық акциясы бейсенбі күні таңертең басталған. Вирус ошағы Ухань қаласынан эвакуацияланатын азаматтарды осында карантинге жатқызатынын естіген тұрғындар коронавирустың таралуынан қорқып, оларды қалаға әкелуге қарсы болған. Олар жолды көлік өтпейтіндей жауып, жүк көлігін де қойып қойған. Кейіннен полиция жолды аршып, тұрғындарды күшпен таратты.

Қытайдан 73 адам: 45 украиналық, өзге елдің 27 азаматы эвакуацияланған. Олардың ешқайсысынан инфекция белгілері табылмаған. Олар екі апта бойы Новые Санжарыдағы шипажайда карантинде болады. Шипажайды құқық қорғау органдары күзетеді.

20 ақпанда осыған ұқсас акциялар Украинаның өзге аймағында да болды. Львов облысында тұрғындар Қытайдан эвакуацияланған азаматтар жатқызылуы мүмкін делінген әскери ауруханаға апаратын жолды көлік доңғалағының тыстарымен жапқан.

Билік өкілдері мен қоғам қайраткерлері наразылық акциясын теріс бағалады. Шіркеу қауымдастығы өкілдері тұрғындарды қайырымды болуға шақырды. Украина президенті Владимир Зеленский Facebook-тағы парақшасында "бұл жақсы мінез емес" деп наразылардың әрекетін айыптады. Украина үкіметінің жетекшісі Алексей Гончарук бейсенбі күні кешке Новые Санжарыға ұшып келді.

  • Украинада коронавирусты жұқтыру оқиғасы тіркелмеген;
  • Соңғы дерек бойынша, Қытайда коронавирус жұқтырғандар 74 мыңнан, қаза болғандар 2000-нан асқан. Қытай билігінің дерегінше 12 мың адам коронавирустен айыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG