Accessibility links

"Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдың ұсталғаны хабарланды


Жанболат Мамай
Жанболат Мамай

"Демократиялық партия" құруды көздейтін бастамашыл топтың жетекшісі, белсенді, саясаткер Жанболат Мамай ұсталғаны хабарланды. Бұл туралы Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Facebook желісінде айтты.

Оның сөзінше, Жанболат Мамайды Алматы облысы Қарасай аудандық полиция басқарамасының қызметкерлері ұстаған. Оның қандай айыппен ұсталғаны белгісіз.

Иманбайдың сөзінше, полиция Жанболат Мамайды бастамашыл топтың өкілі Жанбол Рахматулланың Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық әкімшілік сотына келген кезде ұстап, Қарасай аудандық полиция басқармасына әкеткен. Рахматулланың ұсталғаны бүгін, 21 ақпан түс кезінде хабарлаған.

Қарасай аудандық полиция басқармасы Мамайдың ұсталғанына қатысты ақпарат берген жоқ.

Былтыр қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер елде саяси реформаны қалайтын "Демократиялық партия" құратындарын жарияланған. 2019 жылы 26 желтоқсанда әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеген. Кейін Мамай 22 ақпанда Алматыда "Демпартияның" құрылтайын өткізетінін хабарлаған.​

19 ақпанда бастамашыл топ Алматыдағы баспасөз мәслихатын өткізіп, "Демпартия" жақтастарына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Жанболат Мамай Алматыда 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съезіне келмек болған ондаған адам кедергі салдарынан жолға шыға алмай қалғанын, кейбірін әкімшілік жазамен қамауға алынғанын айтқан. Ол "қысымнан кейін" 22 ақпанға жоспарланған құрылтай өтпейтінін, оның орнына "митингіге шығатындарын" жеткізген.

31 жастағы Жанболат Мамай "Трибуна. Саяси қалам" газетінің бас редакторы болған. Кейін бұл газет жабылған. 2017 жылы Мамайдың үстінен "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыруға қатысты" деп іс қозғалды. Сот оны осы іс бойынша айыпты деп танып, үш жылға шартты жазаға кескен, үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Ол қазір пробациялық бақылауда жүрген.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыптың "саяси астары бар" деп мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG