Accessibility links

Бақсының Мәскеуге жорығын жазған блогер 10 тәулікке қамалды


Бақсы Александр Габышев (оң жақтан екінші) жақтастарымен бірге отыр.
Бақсы Александр Габышев (оң жақтан екінші) жақтастарымен бірге отыр.

Якутск қалалық соты бақсы Александр Габышевтің Мәскеуге жорығы жайлы жазған блогер Сергей Тихийді (Попов) 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Бұл ақпаратты "Правозащита Открытки" тобының үйлестірушісі Алексей Прянишниковке сілтеп "Сибирь.Реалии" сайты таратты.

21 ақпанда Якутскідегі үйінен қамауға алынған Тихийге "полиция қызметкерлеріне бағынбады" деген айып тағылған. Полиция оның үйіне "бұзақылық жасады, балаларға ұрысты" деген хабар түскен соң барғанын айтқан. Блогер бұл айыпты теріске шығарды. Бірақ сот оқиғаны нақтылайтын видеожазбаны көруден бас тартқан. Тихийді ұстаған кезде толтырылған хаттамада себебі жазылмаған.

Тихий бақсы Александр Габышевтің Мәскеуге жорығы жайлы репортаж жасап, әлеуметтік желіге салып жүрген еді. Бақсы тылсым күштердің құдыретімен Владимир Путинді Кремльден аластауға уәде берген. Габышевті қолдау үшін жол бойында бірнеше рет акция өткен болатын. Екі мың шақырымға жуық жол жүрген соң, 2019 жылдың қыркүйегінде оны арнаулы қызмет тосып алған. Сөйтіп, "экстремизмге шақырды" деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғаған.

2019 жылы қазан айында бақсы полицияның қоқаң лоқысынан кейін Кремльге жорығын тоқтатқанын мәлімдеп, 13 қаңтарда қайта жалғастырған. Бірер күннен соң бақсының Мәскеуге жорығын полиция тағы да тоқтатты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG