Accessibility links

Еуродепутаттарды Қазақстандағы адам құқығына назар аударуға шақырды


Нұр - Сұлтандағы Еуродақ өкілдігі орналасқан ғимарат алдына жиналған белсенділер. 25 ақпан 2020 жыл.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ондаған белсенді мен көп балалы әйелдер Еуродақ өкілдігі орналасқан ғимарат алдына жиналып, Еуропарламент депутаттарынан Қазақстанда адам құқығы бұзылып жатқанына назар аударуды сұрады.

Акцияға жиналғандардың кейбірі ақпанның 22-сіндегі митингіні күштеп тарату кезінде полицияға алып кеткенін, "Қазақстанда демократия жоқ екеніне" Еуродақ өкілдігі мен Еуропаның бірқатар мемлекеттері елшіліктерінің назарын аудару үшін келгенін айтса, кейбірі Қазақстандағы адам құқығының жайын Еуропарламент депутаттарына естірткісі келетінін айтады. Ал, көп балалы әйелдер балаларға берілетін жәрдемақы мен тұрғын үй мәселесін шешуді талап етті.

Жиынға келгендердің кейбірі қолына "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін", "Мұхтар Жәкішевке бостандық" дейтін ұрандар жазылған плакат ұстаған.

25 ақпанда Еуропарламенттің бір топ депутаты Қазақстан – Еуродақ парламент аралық ынтымақтастық комитетінің отырысына қатысу үшін Қазақстан астанасына келген. Еуропарламент депутаттары келер қарсаңда Қазақстанның бірнеше қаласында бейбіт митингіге шыққандар ұсталған еді.

Бүгін ішкі істер министрі 22 ақпандағы "заңсыз митингіні" күшпен таратқанда 53 адам ұсталып, 10 адам әкімшілік жаза қолданылғанын мәлімдеді. Бірақ бұл деректің құқық қорғаушылардың дерегінен әлдеқайда алшақ екенін байқалады. Құқық қорғаушылар 22 ақпандағы бейбіт митинг кезінде "300-ден астам адам ұсталды" деп есептейді.

Еуропа депутаттары алдағы уақытта жергілікті құқық қорғаушылармен және белсенділермен кездесуі мүмкін.

2019 жылы қараша айының соңында ондаған азамат Еуродақ өкілдігінің алдына екі күн жиналып, Еуропарламент депутаттарынан Қазақстандағы адам құқығына назар аударуды және Нұр-Сұлтаннан адам құқығына байланысты міндеттемелерін орындауды талап етуді сұраған.

2017 жылы желтоқсан айында Еуропа парламент Қазақстанмен кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдаған. Бұл келісім экономика мен саудадан өзге ондаған саланы қамтиды. Құқық қорғаушылар Қазақстандағы адам құқығы мен азамат бостандығын сақтау мәселесі осы келісімнің негізгі шарттарының бірі болуы тиіс деп бірнеше рет мәлімдеген.


  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Балық бала" асырап отырған отбасы баспанаға мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:31 0:00
XS
SM
MD
LG