Accessibility links

Дулат Ағаділ денесіндегі "жарақат" туралы видео тарады


Дулат Ағаділді еске алу шарасы. Алматы, 27 ақпан 2020 жыл.

28 ақпанға қараған түні әлеуметтік желіде осыдан бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің денесіндегі "жарақат" туралы видео тарады. Онда автор марқұмның сүйегі екі күндік сараптамадан кейін 26 ақпанда әкелінгенін айтып, денесін көрсетіп, "соққы іздері байқалады" деп тұжырым жасайды. Автормен қоса бірнеше адам марқұмның денесін тексеріп, саусағы қарайып кеткенін, иығы көгеріп, табанында, арқасында жарақат іздері барын айтады. Видеоны түсірген адам аты-жөнін айтпайды.

Бұл видео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде наразы жазбалар көбейді. Олардың көбі "Ағаділдің өліміне кінәлілер жазалансын, жалған ақпарат бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын" деген талап айтты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Өлтірілген. Министр Тұрғымбаевтың дереу отставкасын және Дулатты ұстаған штаттық киім киген төрт қызметкердің, тергеу изоляторы басшысының, кезекшінің қызметтен кетуін талап етемін. Шұғыл кетсін. Негізі осы. Дулаттың денесінде сау жері қалмаған, аяусыз ұрып-соққан. Ол қорғанған, саусақтары соны айтып тұр" деді.

27 ақпанда Азаттыққа берген сұхбатында Қайыржан Иманғалиұлы Ағаділдің сүйегін мәйітханадан әкелген күні марқұмның денесінен жарақат іздерін байқағанын мәлімдеген болатын.

Ал марқұмның бауыры Қанат Ағаділ Азаттықтың бұл туралы сұрағына "соққы іздері жоқ, барлық жайтты арнайы прокурорлардан сұраңдар, солардың қолында 3 сағат 50 минуттық видео бар" деп айтқан.

Сейсенбі күні ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров Дулат Ағаділдің "денесін тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады" деген.

- Таңғы 6-ларда тұрғаннан кейін дәретханаға кетеді. Одан шығысымен тізерлеп отырып, есінен танып құлап қалған. Камерадағылар Ағаділдің денсаулығының нашарлағаны туралы бақылаушыға айтады. Ол алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысып, медициналық жәрдем шақырған. Келген жедел жәрдем қызметі Ағаділдің көз жұмғанын тіркеді. Денесін қарауы кезінде зорлық-зомбылық жарақаттары анықталмады. Алдын ала сарапшылардың диагнозы – жүрек қантамырларының жетіспеушілігі.

Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы хабар ақпанның 25-і күні түстен кейін белгілі болған. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. 26 ақпанда Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы алдын ала болжамның расталғанын хабарлады. Ал белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады.

Оқи отырыңыз: "Изолятордағы өлім - наразылық білтесін тұтату". Ағаділдің қазасына желі реакциясы​

Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

26 ақпанда Алматыда 70-80 адам қалалық прокуратураға барып, Ағаділдің өлімін әділ әрі ашық зерттеуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG