Accessibility links

"Митингілер" қарсаңында бас прокуратура ескерту жасады


Қазақстан Бас прокуратурасының ғимараты. Көрнекі сурет.

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев елдегі түрлі оппозициялық ұйымдардың 1 наурызға шақырған митингілерін "заңсыз" деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға шақырды.

Дембаевтың 28 ақпанда орган сайтында жарияланған мәлімдемесінде "әлеуметтік желілерде заңсыз акцияға шығу туралы үндеу және әлеуметтік, ұлттық араздықты қоздыру белгісі бар ақпараттар" тарап жатқаны айтылған.

Дембаев "әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздыру, көрінеу жалған ақпарат таратуға жария түрде шақыру заңмен тыйым салынған және мұндай әрекеттер қылмыстық тәртіпте қудаланатынына назар аударамыз" деп ескерткен.

Бұған дейін Oyan, Qazaqstan, тіркелмеген "Демократиялық партия" және "Республика" қозғалысы 1 наурызда митинг өткізетінін жариялаған. Олар қойып отырған талаптар арасында белсенді Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілер заң бойынша жазасын алу, саяси тұтқындарды босату және саяси көзқарасы үшін қуғындауды тоқтату, әділ, тәуелсіз сот жүйесін құру және өзге талаптар бар.

Қазақстан соты қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы да 1 наурызда жұртты билікке қарсы бейбіт митингіге шақырған.

2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Билік ҚДТ жетекшісі Мұхтар Әблязов "билікті күшпен құлатуға және басып алуға, әлеуметтік араздықты қоздыруға жария түрде шақырды" деп айыптаған.

2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен және өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол сот шешімінде саяси астар бар деп санайды. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

28 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында ескерту сипатындағы бейбіт жиындарды қолдайтынын айтып "бейбіт жиындар арнайы белгіленген жерлерде өтуі тиіс, Конституцияға қайшы келетін ұрандарға жол берілмейді" деп жазды. Оның бұл мәлімдемесінің алдағы митингілерге қатысы бар-жоғы белгісіз.

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді.

Оқи отырыңыз: Митинг өткізу құқығы. Жаңа заң жобасындағы ескі шектеулер

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Балық бала" асырап отырған отбасы баспанаға мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:31 0:00
XS
SM
MD
LG