Accessibility links

Алматыда рұқсат етілген митингіде тұрғындар тығыз құрылысқа қарсылық білдірді


Экологиялық митингіні ұйымдастырушылардың бірі азаматтық белсенді Абай Ерекенов (микрофон ұстап тұр). Алматы, 29 ақпан 2020 жыл.

29 ақпанда Алматыдағы Махатма Ганди атындағы саябақта "Алматыда тығыз құрылыс салуға мораторий жариялауды талап етеміз" атты тақырыпта рұқсат етілген митинг өтті. (Тығыз құрылыс - жасыл-желек аумағына немесе бұрыннан келе жатқан тұрғын үй аудандарға нығыздап жаңадан үй салу).

Митинг төрт сағат өтуі тиіс болған. Алайда оны ұйымдастырғандар митингіге адам аз жиналғанын және қала құрылысының жалпы жоспары бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатқанын алға тартып, шараны жарты сағат ішінде аяқтады.

Митингіні азаматтық белсенді, суретші Салтанат Тәшімова және азаматтық белсенді Абай Ерекенов ұйымдастырған. Оған шамамен 30 шақты адам келіп қатысты. Журналистер саны одан аз болған жоқ.

Митингіні ұйымдастырған азаматтық белсенділердің бірі Салтанат Тәшімова. Алматы, 29 ақпан 2020 жыл.
Митингіні ұйымдастырған азаматтық белсенділердің бірі Салтанат Тәшімова. Алматы, 29 ақпан 2020 жыл.

Митингіде сөйлегендер қала экологиясының барған сайын нашарлап бара жатқанын және Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта тұрғанын айтып, билікті қалада тығыздап үй салуды тоқтатуға шақырды. Жиналғандардың қолында "Алматыдағы заңсыз құрылыс нысандарын бұзу керек!", "Барлық саябақ пен алаңдарды мемлекетке қайтаруды талап етеміз" деген жазуы бар плакаттар болды.

Митинг өтіп жатқан кезде саябақ маңында полиция көліктері тұрды. Алматы, 29 ақпан 2020 жыл.
Митинг өтіп жатқан кезде саябақ маңында полиция көліктері тұрды. Алматы, 29 ақпан 2020 жыл.

Штаттық киім киген адамдар оқиғаны смартфонға түсіріп тұрды. Митинг аяқталғаннан кейін жиналғандардың бір бөлігі қоғамдық тыңдау өтіп жатыр деген жаққа қарай бет алды. Қалғаны митинг толық аяқталмайынша саябақта қалды. Митинг бейбіт түрде аяқталды, ешкім ұсталған жоқ.

Өткен айда қала билігі Ганди атындағы саябақты рұқсат етілген митинг өткізетін екінші орын ретінде белгілеген. Алғашқысы - "Сарыарқа" кинотеатры артындағы алаң. Сенбі күнгі шара Ганди саябағында өткен содан бергі алғашқы митинг.

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айындағы сайлаудан кейін бейбіт жиын туралы заң қабылдауға уәде беріп, митинг өткізу үшін ескертуді ғана талап ететін құжат қабылдауға уәде берген. Ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиын туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатпен танысып шыққан құқық қорғаушылар мен белсенділер қазіргі заң сияқты ондағы ережелердің халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтады. Құжатқа сәйкес, Тоқаев уәде еткен “ескерту сипатындағы” митингілер қатысушылар саны 250-ден аспайтын кішігірім жиындарға қатысты. Ал ірі митингілер үшін биліктен рұқсат алу керек. Құжатта сонымен бірге митингіні арнайы белгіленген орындарда ғана өткізу керек деген талап бар және бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғандар бұрынғыдан қатаңырақ жазаланады.

Оқи отырыңыз: Митинг өткізу құқығы. Жаңа заң жобасындағы ескі шектеулер

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG