Accessibility links

Қарағанды тұрғындары билік ұсынған "қаланы жаңарту жоспарына" қарсы шықты


Азаматтық белсенді Павел Шумкин қаланы жаңарту жобасының нақты емес екенін айтып, сынады. 29 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Павел Шумкин қаланы жаңарту жобасының нақты емес екенін айтып, сынады. 29 ақпан 2020 жыл.

"Қарағанды қаласын жаңарту жоспары" бойынша үйі бұзылады делінген тұрғындар 29 ақпанда қоғамдық тыңдау кезінде мәселеге алаңдап, жоспардың бұлыңғыр екенін айтып сынады. Отыз-қырық шақты адам қатысқан шарада тұрғындар эмоцияға беріліп, сөйледі. Олар "Тіпті бізге келуші болмаңдар, үйлерімізден ешқайда кетпейміз", "Біздің тарихи қонысымызды бұзбаңдар, үйлеріміз жарамды", "Тек әбден тозығы жеткен үйлерді жөндеуге ғана көмектесіңдер" деп айқайлады.

"Бұл бізге үлкен стресс. Вулканның үстінде тұрып жатқандай күйдеміз, кенет ертең үйден кетуге тура келсе ше? Аяқ астынан келіп, үйлерімізді тартып алса ше? Оның үстіне үнемі тәжірибелі құрылысшылар кездесе бермейді, сапасыз материалдармен ақша тауып қалуға құмар. Мұндай мысалдар Қарағандыда жетіп артылады. Көп шағым құрылыс қауіпсіздігімен байланысты. Кім қауіпсіздік пен сапасына кепіл бола алады? Біздің үйімізді қаншаға бағалайды? - дейді Қарағандыдағы ескі көшелердің бірінде тұратын Светлана Панфилова.

Азаматтық белсенді Павел Шумкин билік жоспарындағы көп нәрсе түсініксіз, нақтылық жоқ деді.

- Тұрғындардың бір-бірімен келісуі қиын болмақ. Мәскеуде де осындай бір бағдарлама басталды, қатесі көп, сол жағдай бізде де қайталануы мүмкін, - деді Павел Шумкин. Бірақ ұйымдастырушылар оған регламент бойынша тек сұрақ қоюға ғана болатынын, пікір айтып көп алдында сөйлеу қарастырылмағанын айтты. Белсендіге сөз берілмегеніне тұрғындар наразы болды.

Ақыры Шумкинге пікірін айтуға мүмкіндік берілді. Ол билік әуелі артық ақша шықпайтындай жоба концепциясын жасап, тұрғындарға таныстырсын деді.

Ұйымдастырушылар - қаланың қоғамдық кеңесі мен "Диалог - кикілжіңді реттеу орталығының" (сайтындағы ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік құрылымдармен жұмыс істейді және биліктің "Нұр Отан" партиясын әріптес санайды) айтуынша, қоғамдық тыңдау "әлеуметтік қайшылықтың алдын алу" мақсатында өтіп отыр.

Жиналғандар өздерін тыңдауға шақырып алып, нақты дерек пен жоспардың таныстырылмағанына наразы болды. Ал билік пен ұйымдастырушылар тұрғындардың пікірін білгісі келгенін, егер реновация жобасына бюджет бөлініп қойса, тұрғындарға қиын болатынын айтты.

- Қазір нақты жоспар жоқ, бірақ биыл бастауымыз керек. Бюджетке тапсырыс беру бойынша өтініш әзірлеп жатырмыз. Соған кіріспес бұрын адамдардың пікірін білгіміз келген. Бұрын тұрғындар қарсы болды, сондықтан осы жолы халықтың пікірін естігіміз келген. Қарағанды облысы тұрғындарының 83 пайызы қалада тұратын болады, тұрғындарды ауылдан қалаға көшіру жоспары бар. Олардың барлығы қайда тұрмақ? Қалаға көбірек баспана керек. Реновация жоспарына тек көне ғимараттарды бұзу ғана емес, оны жаңадан салып, жөндеу де кіреді, - деді Қарағанды қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Шолпан Жүсіпова.

Қарағанды облысының орталығы Қарағанды қаласы өткен ғасырда Орталық Қазақстандағы кеніштер игеріле бастаған шақта 30-жылдары салына бастаған. Сарань, Абай және Шахтинск - көмір өндіретін негізгі орталықтар. Қарағандыда ғимараттардың көбі (тұрғын үйлер де бар) 1930-40 жылдары салынған. Биліктің айтуынша, оларды жаңарту қажет.

2019 жылғы дерек бойынша, Қарағанды қаласында 500 мың адам тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG