Accessibility links

Ұлттық кеңестің құрамы өзгерді


Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиыны. 20 желтоқсан 2019 жыл.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиыны. 20 желтоқсан 2019 жыл.

​Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы өзгерді. Бұл туралы Қазақстан президенті әкімшілігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы AkordaPress хабарлады.

Бұл хабарға қарағанда, ұлттық кеңеске мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, заңгер Марат Башимов, "Мазмұндама" ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков, "Талбесік" қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахметова, "Ізгілік елшісі" еріктілер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова мүше болған.

Ұлттық кеңес құрамынан Эльвира Әзімова, Аружан Саин, Болат Палымбетов, Арман Шораев, Бақытжан Бұқарбай, Азаматхан Әміртаев шығарылған.

Баспагер Бақытжан Бұқарбай ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен шығатынын 20 ақпанда мәлімдеген. Ол "халық армандаған саяси реформалар жүзеге асып қалар ма деген үмітпен кеңес мүшесі болуға келіскенін, бірақ үмітінің ақталмағанын" айтқан.

Таяуда ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған "Бейбіт митинг туралы" заң жобасына қарсылығын білдірген Арман Шораев "осы күйінде қабылданса, кеңес құрамынан шығатынын" мәлімдеген.

Көре отырыңыз: Ұлттық кеңес сенімді ақтады ма?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрылатынын Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымда президент болып сайланғаннан кейінгі салтанатты рәсімде мәлімдеген. Президент сайлауы қарсаңында және сайлау күні наразылық акциясына шыққандар көбейіп, 4 мыңға жуық адам ұсталған. Олар Қазақстанда саяси реформа жасауды, әділ сайлау өткізуді талап еткен.

Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы 2019 жылға 6 қыркүйекте өтті. Осы отырыста кеңес мүшелері саяси өзгерістерге ықпал ететін бес заңды өзгертуді ұсынған. Оның ішінде "Бейбіт митинг туралы" заң да бар. Бірақ әзірге олардың ешқайсысы қабылданған жоқ.

AkordaPress-тің хабарлауынша, ұлттық кеңестің үшінші отырысы 2020 жылдың сәуірінде өтеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG