Accessibility links

"Астана" спорт клубының үш өкілі бюджет қаржысын ұрлады деген күдікпен қамалды


"Астана Pro Team" командасының мүшелері.
"Астана Pro Team" командасының мүшелері.

"Астана" спорт клубының директоры Аманбек Кульчиков және "Астана Pro Team" велокомандасының жетекшісі Ләззат Шамшиева "Самұрық-Қазына" ұлттық қорынан бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікпен Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторына екі айға қамалды. Осы іске қатысты "Astana Motorsport" авторалли командасының жетекшісі және автошабандозы Артур Ардавичуске халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы 3 наурызда Нұр-Сұлтанда Жемқорлыққа қарсы агенттік өкілі Сергей Перов хабарлады.

Агенттіктік өкілінің сөзінше, үшеуінің үстінен "Қазақстан имиджі мен спортын дамытуға бөлінген қаржыны ұрлады" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Үшеуі 2,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікке ілінді. Агенттік бұл іске басқа адамдардың да қатысы бар-жоғын тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Ведомство "Аманбек Кульчиков ақша жымқыру жоспарын құрып, Шәмшиева мен Ардавичуспен сөз байласып, ақша ұрлау ойын жүзеге асырған" деп санайды. Күдіктілердің Алматы мен Нұр-Сұлтандағы элиталы пәтерлері, көліктері, жер телімдер бұғатталды.

Жемқорлыққа қарсы агенттіктің дерегінше, Кульчиков 2016-2018 жылдары спорт клубына қажет қаражатты біле тұра, шығындары асырып көрсеткен. Ақшаның жұмсалғаны жайлы жалған есеп берген.

"Бөлінген қаржылар шетелдік компаниялармен келісім жасасу арқылы және оқу-жаттығу жиынын өткізу, ғимараттарды жалға алу туралы жалған актілерге қол қою арқылы ұрланған" деді Перов.

Жемқорлыққа қарсы агенттігі мәлімдеген бұл "ақша жымқыру" оқиғасы "Астана" президенттік спорт клубының басында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын шенеунік Дархан Кәлетаев тұрғанда болған. Кәлетаев Назарбаевтың маңында біраз жыл қызмет атқарған. Ол 2009 жылдан 2016 жылға дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық қорының әлеуметтік және спорт жобаларына жауап беретін атқарушы директоры, "Астана" президенттік спорт клубы қамқоршылық кеңесінің төрағасы болған. Қазір Кәлетаев – Қазақстанның Украинадағы елшісі.

Дархан Кәлетаев қол астында жұмыс істеген үш адамның ақша жымқыру күдігімен қамауға алынғанына қатысты әзірге ештеңе айтқан жоқ.

Агенттіктің хабарлауынша, күдіктілер шетелден 219 мың еуроға алты велосипед сатып алғаны туралы есеп берген, бірақ велосипедтер алынбаған, ақша ұрланған. "Самұрық Қазынадан" бөлінген қаржыға күдіктілер спорт клубына қатысы жоқ адамдарға, отбасы мүшелеріне ұшақ билеттерін сатып алған.

"Astana Motorsport" авторалли командасының жетекшісі және автошабандозы Артур Ардавичус "ақша жымқыру" күдігіне ілінгені былтыр белгілі болған. "Дакар раллиіне" бірнеше рет қатысқан автошабандоз 800 миллион теңге ұрлады деп күдіктеледі. Ол жемқорлыққа қарсы агенттік бірнеше рет тергеуге шақырғанымен, келуден бас тартқан.

Ал Ләззат Шамшиева жетекшілік еткен "Астана Pro Team" велокомандасында қазақстандық, италиялық, испаниялық, қазақстандық, колумбиялық велошабандоздар бар. Командасының спорттық бас менеджері – 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров.

"Астана" президенттік клубына "Астана Pro Team" велокомандасы, "Astana Motorsport" автокомандасынан бөлек "Астана" баскетбол клубы, "Астана" футбол клубы кіреді. Бұл командаларға қаржы "Самұрық-Қазына" ұлттық қорынан ақша бөлінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG