Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты белсенді Вадим Курамшинді үш күнге қамады


Вадим Курамшин.
Вадим Курамшин.

Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған әкімшілік соты белсенді Вадим Курамшинді «сот үкімін орындамағаны үшін» үш күнге қамау туралы шешім шығарды.

Ашық сот процесі болғанымен Азаттық тілшілері сотқа қатыса алмады. Судья «бұл – резонансты іс болмағандықтан қатысу міндетті емес» деп шешті.

Курамшин 2012 жылы «Бопсалау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 12 жылға сотталған. Оның үстінен Жамбыл облысы Қордай ауданының прокуроры шағым түсірген. 2018 жылы ол қатаң режимдегі колониядан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Курамшин өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

Вадим Курамшин 2 наурызда полицияға көрсеткен орнында болмағаны үшін әкімшілік жазаға тартылғанын айтады. Сөзінше, дүйсенбі күні жеке шаруасымен жүріп, қайда екенін учаскелік инспекторға хабарлап үлгермеген.

Бұған қоса бүгін, 3 наурызда белсендінің Сарыарқа аудандық сотында Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты шартты мерзімдегі бір күнін екі күнге есептеу туралы өтініші қаралуы керек еді. Бұл шағым 10 наурызға шегерілгені белгілі болды.

- Олар мені екінші рет жаңа айыптаумен сотқа әкеп тұр. Онымен келісуге мәжбүрмін. Мен шынымен айтылған уақытта түнде тіркелген жерде болмадым, жағдайыма байланысты бола алмадым. Бірақ заңдағы өзгеріске байланысты менің жазам 4-тармақтан 3-тармаққа ауысуы (бір күні екі күн болып есептелуді айтады – ред.) тиіс еді. Прокурордың бес күнге қамау туралы өтінішіне қарағанда, маған заңдағы өзгерістің қайыры тимеуі мүмкін, - деді Вадим Курамшин Азаттыққа.

4 наурызда Курамшиннің апелляциялық шағымы қаралмақ. Бірақ белсенді сот үкімінің өзгеретініне сенбейді.

18 ақпанда Нұр-Сұлтан соты белсендіге сот үкімін орындамағаны үшін 14 мың теңгеге жуық айыппұл салынған еді. Сол кезде полиция «Курамшин кешкі оннан кейін үйінде болмады» деп хаттама толтырған.

Белсенді өзінің құқық қорғау органдарының жиі назарына ілігуін шетелдік нөмірлі көліктердің проблемасын әлеуметтік желіде жиі көтеріп, сенат спикері Дариға Назарбаеваға үндеу жолдауымен байланыстырады.

Курамшинге 2013 жылы адам құқығын қорғау саласы бойынша Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлық берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG