Accessibility links

Ақтөбеде "баланы ұрған" шипажай тәрбиешісі жұмыстан шығарылды


Ақтөбедегі сүйек-өкпе туберкулезіне шалдыққан балаларға арналған «Шағала» шипажайында 10 жастағы балаға қол көтерген тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Әріптесінің баланы ұрып жатқанын көре тұра араша түспеген екінші тәрбиеші де жұмыстан қуылды. Бұл туралы 4 наурыз күні «Шағала» балалар шипажайының бас дәрігері Серік Жаңылсынов айтты.

Осыдан бірнеше күн бұрын желіде ақ халат киген егде әйелдің ұл баланы сүлгімен басынан бірнеше рет ұрып жатқан видеосы тарап кеткен еді. Бөлменің екінші бір шетінде видеоға түсіріп тұрған кішкентай бала «мұнда осылай ұрады, аяқ-киіммен де ұрады» дейді.

Бас дәрігер Жаңылсыновтың сөзінше, 1 наурыз жексенбі күні 57 жастағы тәрбиеші ойын бөлмесінде теледидар көріп отырған баланы ұрған.

- 20 жылдық тәжірбиесі бар тәрбиеші баланың дөрекі сөзіне шыдай алмай, қол жұмсағанын мойындады. Бүгін тәрбиешіден түсініктеме алып, жұмыстан шығарылды. Сол күні кезекшілікте болған екінші тәрбиешіге де осындай шара қолдандық, - дейді Серік Жаңылсынов.

Шипажай басшылығы болған оқиға жайлы желіге қысқа видео тарап кеткеннен соң білгенін айтады. Серік Жаңылсыновтың сөзінше, видеоны түсірген баланы 4 наурыз күні ата-анасы үйіне алып кеткен. Тәрбиеші қол жұмсаған бала қазір дәрігерлер бақылауында. Бала «Шағала» шипажайына Қобда ауданындағы отбасылық үлгідегі жетімдер үйінен келген.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова қазір арнайы комиссия шипажай жұмысын тексеріп жатқанын айтты.

Полицияның мәліметінше, бұл дерек бойынша «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеуі басталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG