Accessibility links

Денис Шмыгаль Украинаның премьер-министрі болып тағайындалды


Украинаның жаңа премьер-министрі Денис Шмыгаль. Киев, 4 наурыз 2020 жыл.
Украинаның жаңа премьер-министрі Денис Шмыгаль. Киев, 4 наурыз 2020 жыл.

Сәрсенбі, 4 ақпанда Украина жоғарғы радасы премьер-министр Алексей Гончаруктің отставкаға кету туралы өтінішін қанағаттандырды. Гончаруктің отставкасын 353 депутат қолдап дауыс берді. 49 депутат қалыс қалды, 9 депутат дауыс беруге қатысқан жоқ. Азаттықтың Украин қызметі жоғарғы рада отырысынан тікелей эфирде хабар таратты.

Премьер-министрдің отставкасынан кейін министрлер кабинеті тұтас қайта жасақталуы тиіс.

Бұрынғы вице-премьер Денис Шмыгаль жаңа үкімет жетекшісі болып тағайындалды. Президент Владимир Зеленский ұсынған кандидатураға 291 депутат қолдап дауыс берді. Басым бөлігі "Слуга народа" фракциясының өкілдерінен құралған жоғарғы рададағы депутаттардың көбі Владимир Зеленскийді қолдайды.

Украиналық ақпарат құралдары Денис Шмыгальді украиналық олигарх Ринат Ахметовтің "адамы" деп атайды. Кейбір украиналық БАҚ-тың жазуынша, соңғы кезде президент Зеленскийдің де олигархпен тығыз қарым-қатынас жасай бастағаны байқалған.

Сәрсенбі күні жоғарғы рада Шмыгаль кабинетінің жаңа құрамын бекітті. Сыртқы істер министрі болып Дмитрий Кулеб тағайындалды. Ішкі істер министрі Арсен Аваков қызметінде қалды.

Сәрсенбі күні президент Владимир Зеленский рада отырысында Гончарук үкіметті басқарған кезде елдің өнеркәсіп көрсеткіштері құлдырап кеткенін сынады. Ол сонымен бірге кабинеттің бірқатар жетістіктерін (инфляцияның төмендеуі, көлеңкелі бизнеспен күрес, мемлекеттің экономикадағы рөлінің азаюы т.б) атап өтті.

Раданың Гончаруктің отставкаға кету мәселесін қарайтыны туралы ақпарат ақпан айының соңында тараған. "Украинская правда" басылымы мұны Зеленскийдің үкімет жетекшісінің жұмысына көңілі толмауымен байланыстырған.

Қаңтар айында Гончарук отставкаға кету туралы өтініш жазған. Екі күн бұрын интернетте оның әңгімесі жазылған аудиожазба жарияланып, онда ол Зеленскийдің экономикадан хабары жоқ екенін айтқан. Ал президент Зеленский "қазір мемлекетті экономикалық және саяси тұрғыда шайқалтатын мезгіл емес" деп мәлімдеп, өтінішін қанағаттандырмаған.

5 ақпанда жоғарғы радада бас прокурор Руслан Рябошапканың отставкаға кету мәселесі қаралуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG