ЛА-155/4 әйелдер түрмесінде жазасын өтеген, қатерлі ісікке шалдыққан Гаухар Құдабаева 5 наурызда Алматы облысы Іле ауданының орталық ауруханасында көз жұмды. Марқұмның ұлы Нұрбек Тубабергеновтің айтуынша, екі күн бұрын Құдабаева денсаулығына байланысты ауруханаға жатқызылған. Тубабаргенов 5 ақпанда түс кезінде анасының сүйегінің қайда екенін білу үшін ауруханаға келгенін хабарлады.
ЛА-155/4 мекемесінің өкілдері Азаттыққа Гаухар Құдабаеваның 5 наурызда таңертеңгі сағат 10-да көз жұмғанын, оның денесі ауруханада екенін айтты.
Аудандық аурухананың басшысы Майра Егембердиева Гаухар Құдабаеваның қайтыс болғанын растап, мәйітіне сот-медициналық сараптама жасалатынын айтты.
Азаттық тілшісі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің медициналық бөліміне (ҚАЖК) хабарласа алмады.
Ақпан айында Гаухар Құдабаева жетінші рет химиотерапия сеансынан өткен. Анасымен ауруханада бірге жатқан құрбысының сөзіне сүйенген Тубабергенов анасының жағдайы қатты нашарлап кетсе де, түрменің қажетті дәрежеде реакция танытпағанын айтты. Анасының құрбысы "дау жасағаннан кейін" 3 наурызда оны ауруханаға жатқызған.
Алайда Құдабаеваның денсаулығының нашарлағаны туралы ақпаратты Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің медицина бөлімінің жетекшісі Нұргүл Дайырбекова жоққа шығарды. Оның айтуынша, Құдабаеваның жағдайы орташа болған, бірақ қандағы тромбоциттер деңгейі түсіп кеткен. Оның анализ көрсеткіштерін жақсарту үшін ауруханаға жеткізген.
Былтыр 11 маусымда Азаттықта Құдабаеваның денсаулығы туралы мақала жарық көргеннен кейін сотталған әйелге қатерлі ісік диагнозы қойылған. Оған дейін екі айдан астам уақыт төсек тартып жатқан. Мекеме басшылығы есірткі қылмысын жасады деген айыппен 2016 жылы 15 жылға сотталған Худабаеваның "түрмеге түскенде сырқаты болғанын" айтады.
Былтыр жазда түрме әкімшілігі денсаулық сақтау саласы мамандарынан медициналық құжат алғаннан кейін оның денсаулығына байланысты сотқа босату туралы өтінш түсіре алатынын айтқан. Алайда оны босатпады.
Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мамандарының айтуынша, Құдабаева қатерлі ісіктің алғашқы кезеңімен ауырған. Ал ішкі істер министрлігінің бұйрығы бойынша тек үшінші кезеңдегі науқастарды ғана босатуға болады.
Оқи отырыңыз: "Ем жоқ. Дертім жанымды жейді". Қамаудағы сырқаттың күні
Қазақстан мен шетел құқық қорғаушылары Қазақстан түрмелеріндегі сотталушылар ахуалын бірнеше рет сынаған. Былтыр наурызда АҚШ үкіметі әлемдегі адам құқықтары туралы есебін жариялады. Құжаттың 44 беті Қазақстанға арналған. Құжатта Қазақстан түрмелеріндегі адам төзгісіз ахуал сипатталып, қамау орындарындағы денсаулық сақтау жүйесінің халықаралық стандартқа сай еместігі көрсетілген. Есеп бойынша, Қазақстандағы түрмелерде жазасын өтеушілердің денсаулық жайына жеткілікті назар аударылмайды, мамандар мен дәрі-дәрмек жетпейді.
ПІКІРЛЕР