Accessibility links

Обырдан көз жұмған сотталушы Гаухар Худабаева жерленді


Қарауылдар науқас тұтқын Гаухар Құдабаеваны ауруханаға апаруға көлікке салып жатыр. Өтеген батыр ауылы, Алматы облысы, 20 маусым 2019 жыл.
Қарауылдар науқас тұтқын Гаухар Құдабаеваны ауруханаға апаруға көлікке салып жатыр. Өтеген батыр ауылы, Алматы облысы, 20 маусым 2019 жыл.

Алматы облысының Жауғашты кентіндегі ЛА-155/4 әйелдер түрмесінде жазасын өтеуші, аураханада қайтыс болған 47 жастағы Гаухар Худабаева 7 наурызда Жамбыл облысы Луговая станциясындағы мұсылман зиратына жерленді. Бұл туралы Азаттыққа оның ұлы Нұрбек Тубабергенов айтты.

Ұлының сөзінше, түрме әкімшілігі мәйітті Жамбыл облысына жеткізуге көмектескен, түрме берген көлік – сотталғандарды я ұсталғандарды таситын автозак. Ол түрмедегілер, әсіресе сотталушылардың денсаулығына қарайтындар, шешесі ауырып жатқанда дұрыс көңіл бөлмегеніне наразы.

- Түсінгенім, олар үшін сотталушылар адам емес. Менің шешемді адам құрлы көрмеді. Мұны тек адамдығы жоқтар ғана жасай алады, - дейді Тубабергенов.

4 наурызда Тубабергенов Азаттыққа шешесі Гаухар Худабаевадан қан кетіп, жағдайы нашарларғанын айтқан. Оған бұл туралы шешесімен бірге түрменің санитарлық бөлімінде жатқан әйелдердің бірі хабарлаған. Тубабергенов түрме қызметкерлері шешесінің денсаулығының нашарлағанына көңіл бөлмеген, “тек шу көтерген соң ғана” аудандық ауруханаға жеткізген. 4 наурызда Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің медицина бөлімінің жетекшісі Нұргүл Дайырбекова науқас Құдабаеваның денсаулығының нашарлағаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Оның айтуынша, Құдабаеваның жағдайы орташа болған, бірақ қандағы тромбоциттер азайып кеткен. “Оның анализ көрсеткіштерін жақсарту үшін ауруханаға жеткізген” деп түсіндірді дәрігер. 5 наурызда Худабаева қайтыс болды.

Оқи отырыңыз: "Ем жоқ. Дертім жанымды жейді". Қамаудағы сырқаттың күні

Былтыр маусымда Азаттықта екі айдан астам уақыт төсек тартып жатқан тұтқын Гаухар Құдабаеваның денсаулығы туралы мақала жарияланғаннан кейін сотталған әйелге қатерлі ісік диагнозы қойылған еді. Түзеу мекемесінің басшылығы есірткі қылмысын жасады деген айыппен 2016 жылы 15 жылға сотталған Құдабаеваның "түрмеге түскенде сырқаты болғанын" айтады.

Былтыр жазда түрме әкімшілігі денсаулық сақтау саласы мамандарынан медициналық құжат алғаннан кейін оның денсаулығына байланысты сотқа мерзімінен бұрын қамаудан босатуды сұрап өтініш түсіре алатынын айтқан. Алайда оны түрмеден босатпады.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мамандарының айтуынша, Гаухар Құдабаева қатерлі ісіктің бастапқы кезеңімен ауырған. Ал ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, жаза өтеу мекемесінен тек үшінші кезеңдегі науқастарды ғана босатуға болады.

Қазақстан мен шетел құқық қорғаушылары Қазақстан түрмелеріндегі сотталушылар ахуалын бірнеше рет сынаған. АҚШ үкіметі әлемдегі адам құқықтары туралы былтыр наурызда жариялаған есебінің 44 бетін Қазақстанға арнаған. Құжатта Қазақстан түрмелеріндегі адам төзгісіз ахуал сипатталып, қамау орындарындағы денсаулық сақтау жүйесінің халықаралық стандартқа сай еместігі көрсетілген. Есепте Қазақстандағы түрмелерде жазасын өтеушілердің денсаулық жайына жеткілікті назар аударылмайтыны, мамандар мен дәрі-дәрмек жетіспейтіні айтылған еді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG