Accessibility links

Алматыда әйелдер мәселесін айтқан екі жүздей адам "қаралы шеруге" шықты 


Феминист топтар ұйымдастырған әйелдер құқығына арналған марш. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.
Феминист топтар ұйымдастырған әйелдер құқығына арналған марш. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.

Бүгін, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнінде Алматыда қазақстандық феминистер қозғалыстарының ұйымдастыруымен әйелдер құқығының ахуалы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі айтылған "қаралы шеру" өтті. Олар биліктен тұрмыстағы зорлық-зомбылық жазасын күшейтуді талап етті.

Екі жүзге тарта белсенді қолына "Қызға қырық үйден бостандық", "Әйел құқығы - адам құқығы", "Әйел - зат емес" деген жазуы бар плакат ұстап, Алматы орталығымен жүріп өтті.

Марш басындағы белсенділер "қаралы гүлдесте" (венок) ұстап шықты. Гүлдестедегі лентаның біріне - "Әр әйел - жалғызым", екіншісі “Никто не забыта” (Ешкімді ұмытқан жоқпыз - ред.) деп жазылған. Қазақстандық тіркелмеген "Феминита" тобының жетекшісі Гүлзада Сержан гүлдің "тұрмыстағы зорлықтан қаза тапқан әйелдер рухына бағышталғанын" айтады.

- Қазақстанда жыл сайын 400-ге тарта әйел күйеуінің не басқа жақынының қолынан қаза табады. Бүгін сол әйелдердің тағдырына назар аудартқымыз келеді, - дейді белсенді.

Шеру ұйымдастырушылары - "Казфем", "Феминита", "Фемсреда", "Фемагора", "Свет Казахстана" қозғалыстары жергілікті әкімдіктен рұқсат сұрамаған.

- Былтыр алты-жеті рет шеру өткізуге өтініш бергенімізбен, Алматы әкімдігі рұқсат бермеді. Сондықтан рұқсатсыз шықтық, - деді Сержан.

Белсенділер Алматыда Арбат аталып кеткен көше бойынан бастап, Панфилов-Қабанбай батыр қиылысына дейін жаяу жүріп келді. Шеру кезінде Алматы әкімдігің өкілі "рұқсатсыз шеруді тоқтату" туралы екі рет ескерту жасағанымен, белсенділер тоқтаған жоқ.

Шеруге шыққандар Қазақстанда ер мен әйел жалақысында айырмашылық барын, "әйелдер заң жүзінде зорлық-зомбылықтан қорғалмағанын" айтты.

Қабанбай батыр көшесі бойындағы Жамбыл Жабаев ескерткіші алдына келгендер гүлдестені өртеді. "Тап қазір осы маңдағы үйлердің бірінде зорлықтан бір әйел көз жұмған болуы мүмкін. Сондықтан мына гүлді үйлердің алдында жағып отырмыз" деді белсенділер.

- Бізге (әйелдерге - ред.) жылына бір рет гүл сыйлағаны емес, зорлық-зомбылық жасағандардың лайықты жазаланғаны керек. Әйелдер ер адамдар бар пойыз купесіне, таксиге отыруға қорқады. Зорлық жасағандар уақытынан бұрын шартпен босатылмауын талап етеміз. Жыныстық бопсалау туралы заң қабылдансын, - деді ұйым мәлімдемесін оқыған Гүлзада Сержан.

Шеру қырық минуттан аса уақытқа созылды. Белсенділерді күртеше киген оннан аса азамат бақылап жүрді.

2019 жылы желтоқсан айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойып, Әкімшілік кодекстегі тұрмыстық әлімжеттік туралы бөлікке өзгеріс енгізілген. Жаңа өзгеріске сәйкес, отбасында әйеліне қол көтергендерге бұрынғыдай айыппұл емес, ескерту ғана беріледі. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер заңды сынаған. Ал ІІМ бұл өзгерісті "айыппұл жазасы ескертуге өзгертілді. Себебі бұрын жанжал шығарған адам айыппұлды отбасы бюджетіне төлейтін. Бұдан отбасы мен бала жапа шегеді" деп түсіндірген.

Видео: Тоқаев өзгерткен "Зорлық-зомбылық" заңына көңілі толмайтындар көп

Тоқаев өзгерткен "Зорлық-зомбылық" заңына көңілі толмайтындар көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:54 0:00

2017 жылы Қазақстан отбасындағы әлімжеттік туралы баптарды Қылмыстық кодекстен алып тастаған. 2017 жылы шілденің 3-іне Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңға қол қойған. Оған дейін отбасындағы әлімжеттік қылмыс ретінде қаралып, кінәлілер 226 900 - 453 800 теңге аралығында айыппұл төлейтін немесе екі айға дейінгі мерзімге қамалатын.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы мәлімдемесінде Қазақстан заңнамасы іс жүзінде зәбір көрсетушіге "ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді" деп жазған. HRW "биліктің әйелдерді отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғамауы Қазақстанның адам құқығы саласындағы міндеттемелеріне қайшы келеді" деп есептейді.

Қазақстандағы құқық қорғаушылар да биліктен "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" бабын қылмыс қатарына қосуды ұсынған. Нұр-Сұлтан әзірге үнсіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG