9 наурызда Судан астанасы Хартумда ел премьер-министрі Абдалла Хамдукке қастандық жасалды. Бұл туралы Судандағы ақпарат құралдарына сілтеме жасап «Әл-Жазира» телеарнасы хабарлады.
Премьер мінген кортеж көпірден өтіп бара жатқанда тоқтап тұрған көлік жарылған. Жарылыстан зардап шеккендер жоқ. Шенеунік қауіпсіз жерге жеткізілген.
Шабуылды ешбір ұйым мойнына алған жоқ.
БҰҰ бұрынғы экономисі Абдалла Хамдук былтыр тамызда ант қабылдап, премьер-министр болып тағайындалған. Ол үкімет басына елді 30 жылдай басқарған президент Омар әл-Башир әскери төңкеріспен биліктен алынған соң келді.
Башир Гаагадағы Халықаралық сотта жауапқа тартылады. Ол халықаралық трибуналда сотқа тартылатын алғашқы президент болмақ.
Биыл ақпанда Судан үкіметі Баширді халықаралық сотқа табыстауға келісті. Оған геноцид және әскери қылмыс жасады деген айып тағылған.
ПІКІРЛЕР