Accessibility links

Италия премьер-министрі елде қозғалысты шектеп, жұртты "үйден шықпауға" шақырды


Италия премьер-министрі Джузеппе Конте.
Италия премьер-министрі Джузеппе Конте.

Италия билігі бүкіл ел көлемінде қозғалысты шектеді. Бұған дейін коронавирус салдарынан өршіген COVID-19 дертіне байланысты тек елдің солтүстігінде ғана шектеу енгізілген еді.

9 наурызда Италия премьер-министрі Джузеппе Конте қол қойған қаулыға сәйкес, азаматтар жұмысқа я денсаулығына немесе өзге шұғыл себепке байланысты тұрғылықты жерінен басқа жаққа баруы қажет екеніне дәлел келтіруі тиіс деп хабарлайды Associated Press. Конте тұрғындарға "үйден шықпауға" кеңес беріп, коронавирустың таралуын тежеу үшін бұқаралық шараларды, Италия жоғарғы лигасындағы футбол ойындарын өткізуге тыйым салды. Мектептер мен университеттер 3 сәуірге дейін жабылды, бірақ қоғамдық көлік жұмыс істеп жатыр.

Италияда коронавирус жұқтырғандар саны тоғыз мың адамнан асып кетті. Бұл – Еуропадағы ең көп көрсеткіш. Елде осы кезге дейін 463 адам қайтыс болып, 724 науқас сауыққан. Қауіпті дерт Италияның денсаулық сақтау жүйесіне ауыр соққы болып тиді.

- Мен, қысқаша айтқанда "үйден шықпаймын" деуге саятын қаулыға қол қоймақшымын. Кәсіби себеппен, мұқтаждық немесе денсаулыққа байланысты болмаса, бүкіл ел аумағында ары-бері жүрістен бас тартыңыздар, - деді Конте Италияның 60 миллион тұрғынына теледидар арқылы айтқан мәлімдемесінде.

Әлем бойынша үш айдың ішінде коронавирустан төрт мыңға жуық адам көз жұмып, 113 мыңнан астам адам ауруға шалдыққан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG