Accessibility links

Құқық қорғаушылар Қазақстанды тәжік белсендісін Душанбеге бермеуге шақырды


Тәжікстандық белсенді әрі блогер Мухаммад Тагоевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына жариялаған суреті.
Тәжікстандық белсенді әрі блогер Мухаммад Тагоевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына жариялаған суреті.

Алматының тергеу соты 7 наурызда Түрксіб ауданы прокурорының сұрауы бойынша, тәжікстандық белсенді әрі блогер Мухаммад Тагоевты 40 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған. Тагоевты жергілікті күш құрылымдары 4 наурызда Алматыда ұстаған.

Тагоевқа тергеу соты кезінде мемлекет тағайындаған адвокат 10 наурызда Азаттық тілшісімен әңгімеде Түрксіб аудандық соты экстрадиция туралы істі қараған мерзімде тәжік белсендісі Алматыдағы тергеу абақтысында қамауда болатынын ғана хабарлап, оған қандай айып тағылғанын айтудан бас тартты. Адвокат тәжікстандық азаматтың экстрадиция ісі туралы сот процесі қашан болатынын да айтпады.

Алматы тергеу сотының қаулысына сәйкес, Тәжікстан билігі Мухаммад Тагоевқа Тәжікстан қылмыстық кодексінің «Конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге жария түрде шақыру» бабы айып таққан. Сот қаулысына қарағанда, Тагоев өткен аптада, 4 наурыз күні Алматыда ұсталған. Азаттық сөйлескен Тагоевтың танысы (аты-жөнін атамауды өтінді) Қазақстан полициясы өзіне белсендіні Тәжікстан билігінің сұрауы бойынша ұстағанын мәлімдегенін айтты.

Алматы қаласы полиция департаментінен Мухаммад Тагоев жайлы ақпарат алу мүмкін болмады. Тәжікстан бұқаралық ақпарат құралдары Мухаммад Тагоевты Тәжікстан билігін батыл сынап жүрген блогер ретінде сипаттайды. Душанбе Тагоевқа экстремизм айыбын тағып, оған халықаралық іздеу жариялаған.

Мухаммад Тагоевтың жақтастары Тәжікстан билігі белсендіні саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы үшін азаптап, ұзақ мерзімге түрмеге қамауы мүмкін деп алаңдайды.

Тәжікстанның қамаудағылар мен саяси тұтқындардың құқығын қорғау жөніндегі азаматтық комитеті Қазақстан билігін Мухаммад Тагоевты Тәжікстанға бермеуге, оны қамаудан босатып, Қазақстаннан кетіп қалуына мүмкіндік беруге шақырды. Тәжік құқық қорғаушылары халықаралық құқық қорғау ұйымдарын Тагоевты Тәжікстанға экстрадициялауға жол бермеу үшін қолдан келген мүмкіндіктің барлығын пайдалануға шақырған.

Жақтастары Мухаммад Тагоев өзінің ұсталғаны туралы Facebook әлеуметтік желісінде хабарлап, екі рет тікелей эфирге шыққанын, бірақ кейін ол екі видеоның желіден жойылғанын айтады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG