Қытай президенті Си Цзиньпин коронавирус алғаш тараған Хубей провинциясының орталығы Ухань қаласына барды деп хабарлады қытай басылымдары. Қытай басшысы қалада дертке қарсы шаралар қалай жүріп жатқанын тексеруге барды деп хабарланды.
Сапар барысында ол медицина қызметкерлерімен, әскерилермен, құқық қорғау органдары өкілдерімен, еріктілермен, ауруханада жатқан науқастармен және жергілікті тұрғындармен кездеседі деп жоспарланған.
Қытай денсаулық сақтау комиссиясының мәліметі бойынша, өткен тәулікте елде коронавирус жұққан 19 адам тіркелген. Олардың 17-і Ухань қаласы орналасқан Хубэй провинциясында анықталған. Осы уақыт ішінде Хубэйде дертке шалдыққан 17 науқас қайтыс болған.
Соңғы мәліметтерге сай, Қытайда коронавирус жұққан 80754 адам тіркелген. 3136 адам қайтыс болып, 60 мыңға жуық адам сауыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қазіргі кезде әлемде 100-ден астам елге тараған коронавирусты 111 мың адам жұқтырып, 3800-ден астам адам көз жұмған.
9 наурыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирустың алдын алу шарасы аясында өзге елдерден келген 3,7 мыңға жуық адам карантинге алынған. Олардың мыңға жуығы Қытайдан, Оңтүстік Корея мен Ираннан, 182 адам – Италиядан, 2849 адам – Германия мен Испаниядан келген. Билік Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар жоқ дейді.
Еуропада коронавирус өршіп тұрған Италияда соңғы тәулікте 97 адам көз жұмды. Осы кезге дейін бұл елде 463 адам қайтыс болып, 724 науқас сауыққан. Қауіпті дерт Италияның денсаулық сақтау жүйесіне ауыр соққы болып тиді. Сейсенбіден бастап Италия үкіметі бүкіл ел аумағында карантин жариялады: көпшілік шараларға тыйым салынды, ұлттық футбол чемпионатының ойындары да тоқтатылды, мектептер мен университеттер жабылды.
Ресей астанасында өткен тәулікте коронавирусқа шалдыққан үш адам тіркелген. Үшеуі де Италияға барып қайтқан ресейліктер.
Францияда елдің мәдениет министрі Франк Риестердің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Билік науқаспен кімдердің жүздескенін анықтап жатыр. Үкімет мүшелері соңғы екі аптада коронавирусқа байланысты бір-бірімен қол алыспаған дейді денсаулық сақтау министрі.
ПІКІРЛЕР