Accessibility links

Теңге құнсызданған шақта үкімет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға уәде етті


Теңге мен шетелдік валюта бағамы көрсетілген жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 9 наурыз 2020 жыл.
Теңге мен шетелдік валюта бағамы көрсетілген жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 9 наурыз 2020 жыл.

Әлемде мұнай бағасы құлдырап, онымен бірге экономикалық әріптесі Ресейдің валютасының бағамы да түсіп, онымен ілесе Қазақстанның ұлттық ақшасы да құнсызданып жатқан шақта ел үкіметі 10 наурызда мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайтыны туралы мәлімдеді.

Қазақстан ұлттық банкі сейсенбі күні базалық ставканы 9,25 пайыздан 12 пайызға дейін көтергенін хабарлады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңертеңгі сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 393, 5 теңге болып белгіленді. Бұл 6 наурыздағы күндізгі сауда сессиясының нәтижесінен кейінгі бағамнан 11 теңгеге көп (мерекеге байланысты демалыс болып жарияланған дүйсенбіде қор жұмыс істеген жоқ). Алматының ақша айырбастау орындарында 10 наурызда АҚШ доллары күндіз шамамен 397-398 теңгеден сатылды.

Ұлттық банк валюта нарығында "тұрақсыздыққа жол бермеу" мақсатында валюта интервенциясын жасағанын хабарлады.

Сейсенбі күні өткен үкімет отырысында сөйлеген шенеуніктер бірқатар уәде берді. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин зейнетақы мен жәрдемақы "уақытылы және толық көлемде" төленеді деп сендірді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов теңге бағамын ескере отырып зейнетақы мен жәрдемақыны индексациялау жоспары туралы мәлімдеді.

"Инфляция шегінің қайта қарастырылуын ескере отырып, зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмекті индексациялау шаралары қабылданады" деді Смайылов үкімет отырысында.

Бұдан бір күні бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелерімен жедел кеңес өткізіп, "әлем бойынша" экономикалық ахуалдың нашарлай түскенін мәлімдеп, дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырғаны туралы Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына жазған. Дүйсенбіде Қазақстандағы валюта айырбастау орындарында доллардың бағасы 400 теңгеге жуықтап, кейін 395 теңге болып тұрақтаған еді.

Өткен аптаның соңында Венада құрамында Ресей мен Қазақстан да бар ОПЕК+ тобы әлемде коронавирустың тарауына байланысты сұраныс кеміген шақта мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайту туралы келіссөз жүргізген. Бірақ Кремль өндірісті ОПЕК ұсынған көлемде азайтуға келіспеді. Осыдан соң Сауд Арабиясы Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді.

Сейсенбі күні Қазақстанның энергетика министрі Нұрлан Ноғаев журналистердің елде бензин бағасы арзандауы мүмкін бе деген сұрағына "бағаны нарық реттейді" деп жауап берді.

Биліктің мәлімдеуінше, Қазақстан экономикасының 85 пайызы шикізат экспортына тәуелді.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG