Accessibility links

Лондонда "Назарбаевтың жиеніне тиесілі" қымбат үй күдікке ілінді


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жиені Нұрәлі Әлиев.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жиені Нұрәлі Әлиев.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевке тиесілі болуы мүмкін деген күдікпен Лондондағы зәулім үйді бұғаттады. "Қазақ саяси элитасының" "қайдан алынғаны белгісіз байлығы" тергеу органдарының назарына түскені туралы британдық ВВС медиакомпаниясы, Transparency International халықаралық ұйымы мен Finance Uncovered үкіметтік емес ұйымы хабарлады.

ВВС қауіпсіздік деңгейі жоғары бұл ғимарат Лондонда дәулетті адамдар тұратын көшелердің бірінің бойында орналасқан деп суреттейді. Басылымның хабарлауынша, зәулім үйдің жертөлесінде бассейн мен кинотеатр бар.

Бұл үйдің иесі ретінде офшорлық компания көрсетілгенімен онда өткен жылы наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен, бірақ әлі де билікке ықпалы жүретін Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Қазақстан парламенті сенатының қазіргі спикері Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев тұрып жатыр дейді зерттеушілер.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі бұл мүлікке арнайы тергеу аясында бұғау салған. Яғни 10 наурызда басталатын сот аяқталғанға дейін бұл үйді ешкімге сатуға немесе басқадай жолмен беруге болмайды. Үйдің иесі ретінде көрсетілген офшорлық компанияның заңгерлері қылмыспен күрес агенттігі жүргізіп жатқан "тергеуді доғаруға тырысады" деп хабарлайды ВВС.

Басылымның жазуынша, "қайдан алынғаны белгісіз байлыққа" қатысты сот ордері шығарылған. Бұл - британ үкіметінің осы елден "лас" ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алуға қарсы күресте қолдана бастаған жаңа әдістердің бірі.

Қылмыспен күрес жөніндегі агенттік жылжымайтын мүлікті иесі қандай жолмен келген ақшаға сатып алғанын анықтау үшін осы әдісті қолданады. Егер билік мүлік иесінің берген түсініктемесі қанағаттанарлық емес деп тапса, онда тергеу орындары мүлікті тәркілеуді сұрап, сотқа жүгіне алады.

Лондондағы бұл қымбат үй Нұрәлі Әлиевтің атымен байланысы бар жалғыз мүлік емес. ВВС ақпараты бойынша, британ билігі тағы екі жылжымайтын мүлікке ордер берген, күдікті мүліктердің жалпы құны 80 миллион фунт стерлингке (104 миллион долларға) жуық деп бағаланады.

BBC, Finance Uncovered мен Transparency International зерттеушілері бұл нысандар туралы мәліметтерді жария деректерден тапқан. Мәліметке сәйкес, британ соты аталған мүлікті олардың иесі деп көрсетілген екі компания – Кюрасао аралында (Нидерландтың Антиль аралдары) тіркелген Manrick Private Foundation және Ангилья аралында (Ұлыбританияның өзін-өзі басқаратын шетелдегі аймағы) тіркелген Alderton Investments Ltd компаниясы сатып жібермес үшін бұғаттаған. Офшорлық екі компания жылжымайтын мүлікке 2014 жылдан бастап иелік етеді. Ашық дерек көздерінен алынған құжатта бұл үйді Нұрәлі Әлиев пен оның әйелі Аида Әлиева жалға алған деп көрсетілген деп жазады ВВС.

Нұрәлі Әлиев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, қазіргі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы. Ол 2014 жылдың желтоқсанынан 2016 жылғы наурыздың 16-сына дейін Астана қаласы (2019 жылы президенттіктен кеткен нағашы атасының құрметіне Нұр-Сұлтан болып өзгертілген) әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Зерттеуші журналистер әлемдегі саясаткерлер мен бизнесмендердің офшордағы шоттары туралы "Панама құжаттарын" жариялар алдында ол мемлекеттік қызметтен кетті.

2016 жылы Нұрәлі Әлиев пен оның анасының аты-жөні "Панама құжаттарында" аталды. Бұл зерттеу жарияланғаннан кейін кей елдерде билік басындағылар қызметінен кетуге мәжбүр болған еді.

Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жариялаған "Панама құжаттары" Қазақстанда ешқандай реакция туғызған жоқ. Қазақстан бас прокуратурасы сол кезде бұл құжаттарда көрсетілген деректер бойынша тергеу бастамау себебін "зерттеудегі ақпараттардың дереккөзі туралы сенімді мәлімет жоқ" деп түсіндірген. Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаева да офшор құжаттары жайлы ешқандай пікір білдірген жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG