Accessibility links

Шымкентте "Көше партиясының" парақшасын таратқан белсенділер ұсталды


10 наурыз күні түстен кейін Шымкенттегі Алаш базарында тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысының парақшаларын таратқан белсенділер Ләззат Досмамбетова мен Нұржан Абдубайтовты полиция ұстап, түнде босатты.

Ләззат Досмамбетованың Азаттыққа айтуынша, сағат 16:00 шамасында Алаш базарында тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысының бағдарламасымен таныстыру мақсатында тұрғындарға парақша таратқан. Парақша таратып жүргенін қара киім киіп, көзірдірік таққан белгісіз адамдар видеоға түсіргенін айтады. Сөзінше, парақшаны таратып болған соң белгісіз адамдар оны күштеп ұстап көлікке отырғызған.

- Көлікте екі полиция қызметкері отыр екен. Не үшін ұстады, кімдер ұстады таныстырған жоқ. Абай аудандық полиция басқармасына әкелген соң түсініктеме алды. Хаттама толтырмады, - дейді белсенді.

Полиция белсенділердің қолындағы парақшаларын жинап, "Көше партиясының" белгісі бар жейдені шешіп алған.

Абай аудандық полиция басқармасының өкілі Нұрлан Нарымбетов Азаттыққа белсенділердің не үшін ұсталғаны жөнінде комментарий бере алмайтынын айтты. Ал басқарманың күзетшілері екі белсендінің ішке кіргенін, кейін қайта шығып кеткенін ғана жеткізді.

Биыл ақпанның ортасында бір топ белсенді “Көше партиясы” тіркелмеген қозғалысы құрылғанын мәлімдеген. Белсенділердің сөзінше, қозғалыстың мақсаты – билікті бейбіт түрде ауыстырып, парламенттік республика құру және Конституцияны өзгерту.

Белсенділер қозғалысты ешкім қаржыландырмайтынын айтқан. Бірақ "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысының мүшелері Қазақстанда экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық қозғалысының" осыған дейінгі қарсылық акцияларында, түрлі шараларына қатысқан және сотпен "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен жазаланған.

ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязов құрған. Ол Қазақстан сотының ҚДТ-ны экстремистік деп таныған шешімінің "саяси астары бар" деп санайды. Ал 2009 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Әблязовтың өзі де әлеуметтік желіде бірнеше рет "Көше партиясының" жазбаларын бөліскен не өз постарында атап өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG