Accessibility links

Пашинян конституциялық реформаны қолдауға шақырды


Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян.
Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян.

Келесі айда өтетін референдум қарсаңында Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян аймақтарды аралап, сайлаушыларды Конституцияға өзгеріс енгізіп, конституциялық сот мүшелерінің басым бөлігінің отставкасын қолдауға шақырды.

“5 сәуірде сайлау учаскесіне барып, Армениядағы сайлауда болған барлық алаяқтыққа жауапты конституциялық сотты таратуды қолдауға шақырамын” деді Пашинян Мегри қаласында.

Егер жұрт Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдаса, 2018 жылғы жаппай наразылыққа дейін тағайындалған конституциялық соттың жеті мүшесі қызметінен кетеді. Ал кейінірек тағайындалған соттың екі мүшесі өз қызметінде қалмақ.

Басым бөлігі Пашинянның блогы өкілдерінен құралған Ұлттық ассамблея конституциялық соттың жаңа жеті мүшесін мақұлдауы тиіс.

Мегриде жұрт алдында сөйлеген Пашинян конституциялық сот “халықтан алшақтап кетті” және “Армения конституциясымен сәйкес келмейтін елде қалған жалғыз институт” деді. Ол жеті судьяны Арменияның бұрынғы басшыларын қолдап, тәуелсіз сот жүйесін құруға кедергі келтірді деп айыптады.

Ал референдумның Конституцияға қайшы екенін айтқан оппозиция өкілдері премьер-министр конституциялық сотты өзіне бағындыруға тырысып жатыр деп сынады.

Желтоқсан айында конституциялық сот төрағасы Грайр Товмасян "әділет министрі болып тұрған кезде билік өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған еді. Товмасян өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, өзін саяси себеппен қудалап отырғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG