Accessibility links

Қазақстанда қоғамдық шаралар өткізуге тыйым салынады


Алматыдағы дәріханалардың біріндегі медициналық маска жоқ екені туралы хабарландыру. 8 наурыз 2020 жыл.

13 наурыздан бастап Қазақстанда конференция, семинар, көрме сияқты қоғамдық, мәдени көпшілік шаралар өткізуге тыйым салынады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 12 наурыз күнгі брифинг кезінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау, білім беру, халық көп жиналатын орындар, қоғамдық тамақтану орындары, вокзал, әуежайлар, қонақүйлер күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режимге көшеді. Бұған қоса, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медциналық нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына баруға тыйым салынады. Қоғамдық көліктерді дезинфекциялау жұмыстары жүреді. Сауда орындарындағы кинотеатрлар уақытша жабылады.

Оның айтуынша, осы аптада өтетін "Барыс" хоккей клубының ойыны өтеді, бірақ оған көрермендер қатыспайды.

"1а, 1б, 2-3 санаттағы елдердегі халықаралық спорттық мәдени туристік іс шараларға баруға тыйым салу сияқты уақытша шаралар қабылданады" деді Ералы Тоғжанов.

Ол той, туған күн сияқты көпшілік шараларды өткізбеуге де кеңес берді.

Ол бейсенбілік брифинг кезінде "азық-түлік тапшылығы", "дүкен сөрелерінің босағаны" туралы сыбыстарға да жауап берді.

- Бізде азық-түліктің негізгі 19 түрі бар. Қазақстан бұл азық-түлік түрлері бойынша жарты жылға дейін өзін қамтамасыз ете алады. Азық-түлік қауіпсіздігі бақылауда, - деді Тоғжанов.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 4800 адам карантинде немесе үйде дәрігерлер бақылауында отыр.

"12 наурызға барлығы 96 адам дене қызуымен және жедел респираторлық вирустық инфекциямен, оның ішінде 1 «б» санаты бойынша – 23 адам, 2-санат бойынша – 38 адам, 3-санат бойынша – 35 адам емдеуге жатқызылды. Емдеуге жатқызылған 96 адамның ішінен 52 адам шығарылды. 44 адам стационарда жатыр" делінген министрлік хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, Қазақстанда коронавирусты анықтау бойынша төрт мемлекеттің тесті бар.

- Қазір барлық аймақта санитарлық-эпидемиологиялық зертханалар жұмыс істеп тұр. [Коронавирусты анықтайтын] Арнайы тестер бар. Төрт мемлекеттің тесті бар: Ресей, Қытай, Германия және Қазақстан. Бізде жалпы 15 мың тест болған. Бес мыңын пайдаландық. Қазір 10 мың бар. Қосымша 60 мың тест алып жатырмыз. Әрбір науқасты 2-3 тестпен тексереміз. Бұл басқа мемлекеттер пайдаланып жүрген тестер. Бұрын кейбір жағдайда Ұлыбританияға жіберіп тексерткенбіз. Тестер жақсы жұмыс істеп тұр. Осы тест бойынша бізде коронавирус инфекциясы табылмады, - деді Елжан Біртанов.

12 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де "қоғамдық шараларды өткізуге тыйым салынады, азаматтар азық-түлік және тауармен үздіксіз қамтамасыз етіледі" деп жазды.

Қазақстанда ресми дерек бойынша, коронавирус ешкімнен табылмаған. Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 122 мыңнан асты.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG