Accessibility links

Сотталған белсенді Әсет Әбішев пен Кенжебек Әбішевтің жазасы қысқарды


Әсет Әбішев (ортада)

13 наурыз күні Қапшағай қалалық сотында Алматы облысының Заречный кентіндегі жалпы режимдегі колонияда (ЛА-155/14 орташа қауіпсіздік мекемесі) қамауда отырған белсенділер - Әсет Әбішев пен Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімін азайту туралы өтініші қаралды.
Екі сотталушы Қылмыстық-процесуалдық кодекстегі жаңа өзгеріске сай, жаза күндерін азайтуды сұраған.

Қылмыстық-процесуалдық кодекстегі өзгеріс бойынша, тергеу изоляторындағы бір күні бір жарым күн болып есептеледі. Осыған байланысты Әсет Әбішевтің жазасын өтеу мерзімі 3 ай 19 күнге, Кенжебек Әбішевтікі сегіз айға қысқарды. Енді Кенжебек Әбішев бірден мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазуға болады. Ал Әсет Әбішев мұндай өтінішті сәуір айында жаза алады.

Сотқа белсенділер видео-конференция арқылы қатысты.

Әбішевтерді қолдауға Алматыдан 25-ке жуық белсенді, оның ішінде тыйым салынған ұйымға қатысы бар деп айыпталып, жазаланған Оксана Шевчук, Гүлзипа Жаукерова, сондай-ақ тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысының белсенділері келді.

Ақпан айында сот Әсет Әбішевтің өтінішін қабылдамаған еді.

Қазақстанда “экстремистік” деп танылып, тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (ҚДТ) қызметіне араласты деп айыпталған алматылық белсенді Әсет Әбішев 2018 жылы 30 қарашада төрт жылға сотталған. Әбішев Facebоok желісінде ҚДТ қозғалысын қолдайтын постар жазып, ҚДТ жетекшісі, шетелге қашып кеткен оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің хабарламаларымен бөліскен. Ол осы әрекеті үшін сотталды.

Еуропапарламент былтырғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықды қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталды. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Әсет Әбішев пен Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG