Accessibility links

Ағаділдің туыстары мәйіттің видеосына қатысты істі тоқтатуды сұрап тағы арыз жазды


Дулат Ағаділді еске алу шарасы. 27 ақпан 2020 жыл.
Дулат Ағаділді еске алу шарасы. 27 ақпан 2020 жыл.

Нұр-Сұлтандағы изоляторда жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің туыстары 18 наурызда Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне үшінші мәрте арыз тапсырып, марқұмның мәйітін видеоға түсіргендердің үстінен қозғалған істі тоқтатуды сұрады.

Ағаділдің мәйітін видеоға түсіріп таратқандардың үстінен “Жалған ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Дулат Ағаділдің шешесі Гүлбараш Жолмұхамбетова органдарға істі тоқтату туралы 5 наурыздан бері үшінші рет арыз жазғанын айтады.

Арызда "осы видеоға қатысты Медет Арыстанов мен басқа да белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етемін. Осы іс бойынша өзімді жәбірленуші ретінде санамаймын. Олардың әрекетінен, баламның денесін видеоға түсіруден мен зиян шеккен жоқпын. Сол видеоға байланысты тараған комментарийлер маған зиян келтірген жоқ. Видео менің келісімім бойынша түсірілген. Егер менің өтінішім қанағаттандырылмаса, мен сіздердің әркеттеріңізді баламның достарына қысым көрсету және баламның өлімін тергеуге кедергі жасау деп санаймын" деп жазылған.

Дәл осындай арызды Дулат Ағаділдің жұбайы Гүлнар Қасымханова мен баласы Жанболат Ағаділ де жазды. Олар арыздарын бас прокуратураға апарып тапсырды.

24 ақпанда штаттық киімдегі бірнеше адам билікке қарсы наразылықтарда көзге түскен белсенді Дулат Ағаділді үйінен, тергеу изоляторына алып кеткен. Оған "судьяға бағынбады” деген айыппен іс қозғалған. 25 ақпанда белсендінің Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қаза тапқаны белгілі болды. ІІМ оның “жүрек талмасынан” қайтыс болғанын мәлімдеген. 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсіріп тұрған адам марқұмның денесінен көгерген іздер барын айтады.

28 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы видеоның интернетке белсендінің жақындарының рұқсатынсыз жариялап кеткенін, марқұмның сүйегіндегі дақтар - "биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.

Дулат Ағаділдің шешесі Гүлбараш Жолмұхамбетова 28 ақпанда тараған видеоға қатысты Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасына арыз түсіріп, кейін 5 наурызда қайтарып алған.

Бірақ Бас прокуратура 10 наурыздан осы іс бойынша бірнеше белсендіні тергеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG