Accessibility links

Алматыда тағы да көпқабатты үш үй карантинге жабылды


Блок бекет жанында тұрған полицейлер. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.
Блок бекет жанында тұрған полицейлер. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.

Алматыда оқшауланған “Сұңқар” тұрғын үй кешенінің жанындағы тағы көпқабатты үш үй карантинге жабылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлімдеді.

18 наурыз кешкісін Алматыдағы “Сұңқар” тұрғын үй кешені тұрғындарының біріне вирус жұққаны анықталған соң көпқабатты баспана карантинге жабылып, блок бекеттер қойылған. Енді “Сұңқардың” маңындағы – Достық 42, Достық 42 а, Қабанбай батыр 68 мекенжайындағы үйлер де карантинде. Тұрғындар үй аумағынан 14 күн бойы шығарылмайды.

Қазақстанда қазір 44 адамнан (Алматыда 19, Нұр - Сұлтанда 25 науқас) вирус табылған.

Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, азық-түліктен басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы қаласында теміржол және әуе қатынасын толық тоқтату жоспарланған.

Өткен жылдың соңында Қытайда пайда болғалы әлемде коронавирус 217 мыңнан астам адамға жұқты. Содан бері 8,8 мың адам қайтыс болып, 80 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG