Accessibility links

Әлеуметтік көмек сұрап, әкімдікте түнейтін әйелдер көбейді


Шымкент әкімдігіне келген әйелдер мен әкімдік қызметкерлері. Шымкент, 19 наурыз 2020 жыл.
Шымкент әкімдігіне келген әйелдер мен әкімдік қызметкерлері. Шымкент, 19 наурыз 2020 жыл.

19 наурызға қараған түні Шымкент әкімдігіне түнеген екі әйелдің қатарына бейсенбі күні тағы он шақты әйел қосылды. Олар әлеуметтік мәселелерінің шешуді талап етті. Кейбірі коммуналдық төлем мәселесін айтса, кейбірі мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға берілетін көмектің аздығына шағымданды.

Өткен түні әкімдікке қонып шыққан көп балалы әйел Назым Төлеуішованың сөзіне қарағанда, қала әкімдігі отбасына уақытша баспана берген. Баспананы бұрын пайдаланғандар коммуналдық төлемін төлемеген. Соның кесірінен газдың қарызы мен ай сайынғы өсімақысын қосқанда 200 мың теңгеден асқан. Көп балалы әйел төлеуге шамасы жетпейтінін айтады.

- Әкімдік берген үйде тұрып жатқанымызға жарты жылдан асты. Біз тұтынған газдың ақысын бөліп, ақшасын шығарып беріңіздер дегеніме бір айдан асты. Ешкім құлақ аспады. Мен неге біреудің коммуналдық төлемін мойныма алуым керек? Әкіммен кездестірсін, шағымымды айтайын, - деді Назым Төлеуішова.

Онымен бірге әкімдік ғимаратында түнеп шыққан мүгедек балалары бар Әлия Қаржаубаеваның айтуынша, әкімдік баласына ота жасатуға көмек береміз деп уәде еткен. Бірақ "сөзін орындамаған".

Көп балалы әйел Эльмира Рамазанова балаларына беріліп жатқан көмектің аздығына шағымданды. Балаларына ыстық тамақ пен қоғамдық көліктерде жүруге бөлінген жолақысының қайда кеткенін сұраған әйелдер де бар.

«Бізбен бірге әкімдікте отырған әйелдердің мәселесі әртүрлі. Егер мәселемізде шешпесе, бүгін Төлеуішова мен Қаржаубаева сияқты әкімдікте түнейміз» дейді Рамазанова. Олардың саны кешке қарай 15-ке жуықтады. (Жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 18.00-де олар әкімдік ғимаратының ішінде отырды).

Әлеуметтік көмек сұрап жиналған әйелдердің алдына әкімдік қызметкерлері шығып, әр шағым бойынша қайда бару керектігін айтты. Оған көңілі толмаған әйелдер қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездестіруді талап етті.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Шымкентте көп балалы әйелдер 2020 жылдан бастап күшіне енген атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа жүйесіне наразылық білдірген еді. Олар өткен жылдың сәуір айынан бастап әр балаға төленген 21 мың теңге жәрдемақыны қайтаруды талап еткен. Жаңа жүйе бойынша, әр балаға 10 500 теңгеден төленеді. Кейбір әйелдер тек көп балалы отбасы ғана емес, баласы аз отбасыларға да үкімет әлеуметтік жәрдемақы берсін деген.

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "бала саны аз отбасыларға жәрдемақы төлеу бюджетке салмақ түсіреді" деген болатын.

Оқи отырыңыз: Министр аналардың жәрдемақыға байланысты талаптарына жауап берді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG