Accessibility links

Қазақстанның бас санитар дәрігері ауысты


 Жандарбек Бекшин (Сурет үкіметтің баспасөз қызметінен алынды).
Жандарбек Бекшин (Сурет үкіметтің баспасөз қызметінен алынды).

Қазақстандағы төтенше жағдай кезінде елдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қызметінен кетіп, орнына Айжан Есмағамбетова тағайындалды. Бекшин 20 наурызда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұйрығымен қызметінен босады. Ал жаңа бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова бұрын министрліктегі қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры болып жұмыс істеген.

Бекшиннің өзі “Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметінде қалғанын” айтты. Ол екі жылдай бас санитар дәрігер қызметін атқарды.

Наурыздың алғашқы аптасында Бекшин Қазақстанға коронавирус “ақыры” 11-16 наурызда келеді деген болжам жасаған. Оның бұл сөзі желіде әзілге айналып, түрлі мемдерге түрткі болды. Денсаулық сақтау министрі Біртанов Бекшиннің болжамы “математикалық моделдеу негізінде жасалған, болжам дәл шықпауы да мүмкін” деген.

Қазақстанда коронавирус 13 наурызда табылды. Қазір бұл елде 49 адам дертке шалдыққан (Алматыда 22, Нұр-Сұлтанда 25, Қарағандыда екі науқас).

Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы қаласында темір жол және әуе қатынасын толық тоқтату жоспарланған. Бұл шараның бәрі - вирус тарауын тоқтату амалы.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус 220 мыңнан астам адамға жұқты. Содан бері он мыңнан аса адам қаза болып, 80 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG