Accessibility links

Тоқаев ірі елдімекендерде де карантин жариялау жайлы айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы блокбекеттердің бірінде тұр. 19 наурыз 2020 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы блокбекеттердің бірінде тұр. 19 наурыз 2020 жыл.

23 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия жиынында жақын уақытта ірі елдімекендерді карантинге жабу жағын ойластыру керегін мәлімдеді.

Тоқаев астана мен Алматыда карантин аймақтарын толық қоршап, жаяу адамдарды да қалаға кіргізбеуді тапсырды.

“Қазір әлемде қатаң карантин шараларын кеш енгізген елдерде көп адам вирус жұқтырды. Вирустың кең тарауын тоқтату үшін жұртты қатаң оқшаулау керек. Басқа елдерден келіп жатқан жақсы және жағымсыз хабарларды ескере отырып, медицина жүйеміз кез келген жағдайға дайын болуы керек” деді президент.

Тоқаев карантин, төтенше жағдай тәртібін бұзғандарға жазаны күшейтуді тапсырды.

“Менің бұйрығыммен адамдар көп жиналатын жерлер жабылып, түрлі шаралар өткізуге тыйым салынды. Бірақ бұл тыйымды бұзғандар бар. 16 наурыздан бері Ақмола, Атырау, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО, Түркістан облыстарында төтенше жағдай ережесін бұзған 18 дерек тіркелді. Айыптылар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынды не ескерту берілді. Енді ереже бұзғандарға жазаны күшейту керек” деді ол.

Жиында Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия жиынында коронавируспен күрес және ел экономикасын тұрақтандыру бойынша бірнеше ұсыныс жасады. Ол төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, 42500 теңге (шамамен 100 доллар) жәрдемақы төлеуді тапсырды. Есеп бойынша, мұндай көмекті 1,5 млн қазақстандық алады.

  • Шетелден келген кез келген адамды карантинге жіберу керек. Чартермен келгендерді де бақылауға алу қажет.
  • Коронавирусты тоқтату үшін жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге, полицейлерге және басқа мамандарға қосымша сыйақы төлеу керек.
  • Дағдарыстан зардап шеккен жұрттың несиелерін төлеуді кейінге шегеру қажет.
  • Шағын және орта бизнеске жылдық өсімі сегіз пайыз болатын несие беру үшін 600 миллиард теңге қарастыру керек.

Ресми дерекке сай, билік дағдарысқа қарсы бюджеттер 4,4 триллион теңге (10 млрд доллар) бөлмек.

23 наурыздағы дерек бойынша, Қазақстанда 62 адам коронавирус жұқтырған. Олардың басым бөлігі – Нұр-Сұлтан мен Алматыда.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды.

22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына темір жол және ішкі рейстер тоқтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG