Accessibility links

Таразда қоғамдық көліктердің басым бөлігі тоқтап тұр


Автопаркте тұрған автобустар. Тараз, 20 наурыз 2020 жыл.
Автопаркте тұрған автобустар. Тараз, 20 наурыз 2020 жыл.

Таразда 23 наурыздан бері қоғамдық көліктер күрт азайып, жұмысы баяулады. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде автобустарды көп күтетінін, кейбір бағыттағы қоғамдық көліктер мүлдем жүрмей жатқанын айтып, шағымданып жатыр.

Қала әкімдігі төтенше жағдай кезінде қоғамдық көліктердің тек 15 пайызы жүріп жатқанын растады. Әкімдік “төтенше жағдай кезінде жолаушылар саны күрт азайғандықтан автобус парктері толық жұмысқа шығудан бас тартып отырғанын” айтады.

"Қаладағы 41 автобус бағытының отызы мүлдем жолаушылар тасымалдауға шығудан бас тартып, өзге 11 бағыттан тек екі-үш автобус немесе қаладағы барлық автобус бағытының 15 пайызы ғана жұмысқа шыққан. 24 наурызда таңертең де қоғамдық көліктер жүрмей қалды. Тек қалалық прокуратура парк басшыларымен сөйлескен соң түстен кейін әр бағытта 3-4 автобустан жұмыс істей бастады" деп хабарлады әкімдік.

Ал автобус парктері жолаушы жоқ болғандықтан шығынға батып жатқанын айтады.

“Демалыста тіпті адам жоқ, тапқандары жанармайға да жетпегендіктен, ешкім шыққысы келмейді. Бүгін түске дейін өзім жүргізушілердің үйлерін аралап, түсіндіріп, 24 автобусты шығара алдым. Шығынға батып, жұмыс істеуге мәжбүр болып отырмыз" дейді 1-автобус паркі басшысының орынбасары Қайрат Дәуренбеков.

Ал қаладағы ең ірі автопарк "Әулиеата Трансс Пасс" басшылығының хабарлауынша, автобус жүргізушілерімен демалыс күндері жоспарсыз жұмыс істеуге келіскен. Яғни, мерекелік демалыс күндері (Қазақстанда Наурыз мерекесіне байланысты 26 наурызға дейін демалыс жарияланған), олар күнделікті ақшалай жоспарды автобус паркіне өткізбейді.

Тараз әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай жарияланғалы бері қалада күнделікті жолаушы тасымалы 112 мыңнан 56 мыңға дейін азайып кеткен.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 68 адамға жетті. Алматыда - 29 адам, Нұр-Сұлтанда - 35 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында 1 адам емделіп жатыр. Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар жоқ.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG