24 наурыз түнде Қазақстанда коронавирус жұққан тағы төрт азамат анықталған еді.
Сoronavirus2020.kz сайтының жазуынша, олардың бірі, 1996 жылғы Шымкент тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласынан келген. Шымкенттегі инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Жағдайы тұрақты.
"Науқаспен байланыста болған адамдардың бәрі анықталды. Қазір оқшауланып жатыр. Коронавирус инфекциясы таралмауы үшін Шымкентте шұғыл штаб мүшелері барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолданып жатыр" делінген сайтта.
Вирус жұққан 1938 жылғы екінші азамат қазір Нұр-Сұлтандағы стационарда жатыр.
Үшінші науқас - 1979 жылғы азамат Жамбыл облысына Қырғызстаннан келген. Стационарға жатқызылған.
Төртінші науқас - 1993 жылғы Ресей азаматы Солтүстік Қазақстан облысына келген. Қазір стационарда жатыр.
Қазіргі дерек бойынша, Қазақстанда 72 адам коронавирус жұқтырған. Алматыда - 29 адам, Нұр-Сұлтанда - 36 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Шымкентте бір адам емделіп жатыр.
Қарай отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус динамикасы
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан бастап бір ай төтенше жағдай енгізілген. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Осыдан кейін екі қалада оқитын я уақытша жүрген адамдар өз қалаларына жаппай қайта бастаған.
ПІКІРЛЕР