Accessibility links

Польша ресейлік саясаткерлер мен БАҚ-ты "жалған ақпарат таратты" деп айыптады


Польшаның Мәскеудегі елшілігі.
Польшаның Мәскеудегі елшілігі.

Польшаның Мәскеудегі елшілігі Ресейдің бірқатар ақпарат құралдары мен саясаткерлерін "жалған ақпарат таратты" деп айыптады. Елшіліктің айтуынша, олар Польша билігі Италияға гуманитарлық көмек жеткізбек болған ресейлік әскери ұшақтардың Польша аумағынан ұшып өтуіне кедергі жасады деп жалған мәлімдеме жасаған.

"Ресей тарабы әскери ұшақтарды өткізу туралы Польша жағына өтініш түсірмеді. Сондықтан Польша билігі Италияға ресейлік гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі жасауға тырысты деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" делінген Польшаның Мәскеудегі елшілігінің жіберген хабарламасында. Польша елшілігі ресейлік БАҚ-ты Еуропада коронавируспен күрес тақырыбын қамтыған кезде дерек көзін мұқият таңдауға шақырды.

Жақында Ресей Италияға дәрігерлерін жіберіп, дезинфекция құралдарын да жеткізген. Осылайша дағдарыс кезінде Италияға көмектескен елдердің біріне айналды. Бұған дейін Италияға Қытай, Куба, Германия, Франция көмек берген.

Италияға ресейлік ұшақ қонғаннан кейін бірқатар Кремльді қолдайтын БАҚ, блогтар мен Телеграм арналары Польша ұшақтарды өткізбей қойды деген ақпарат таратқан. Мысалы "Комсомольская правда" басылымы федерация мүшесі Алексей Пушковтың "Польша Италияға гуманитарлық көмек жеткізбек болған ресейлік ұшақтарды әуе кеңістігінен өткізбей қойды. Бұл мемлекеттік деңгейде жасалған сатқындық" деп жазған Twitter-дегі постын жариялады. 24 наурызда Пушков жазбасы жоғалып кетті.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин екінші дүниежүзілік соғысқа түрткі болған оқиғаларға баға берілуін сынап, ізінше екі тарап бір-біріне бағытталған өткір мәлімдеме жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG